Жерлесіміз «ҚР Құрметті азаматы» және «ҚР еңбек сіңірген қызметкер» атанды

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған жолдауында айтылған басымдықтарды қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтетін «ҚР Құрметті азаматы» атты республикалық байқауында жерлесіміз Егембердиева Шахизада Жаңылбекқызы оқ бойы оза шығып, өз саласының үздігі атанып, “ҚР Еңбек сіңірген қызметкер” төс белгісімен және 1 -ші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Басты мақсаты елдің өркендеу жолында жұмыла жұмыс істеген ардақты азаматтарға құрмет көрсету мен істеп жатқан жұмыстарын бағалау болып табылды. Онда білім саласынан бөлек, ауыл шаруашылық, бизнес, денсаулық саласы секілді әр салада қызмет істеп жүрген үміткерлер мен сала ардагерлері қатысты.

Еңбек жолын 1975 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы Министрлігінде іс жүргізушісі қызметінен бастап, 1979-1983 жылдары Жамбыл облысы бойынша қаржы бөлімінде аға экономист, 1983-1990 жылдары аудандық қаржы бөлімінің аға экономисті, 1990 жылдың шілде айынан бастап аудандық салық комитетінде әр түрлі қызметтер атқарған Шахизада Жаңылбекқызы қаржы-салық саласында, қызмет атқару барысында, өзін білімді маман, ынталы, ой-өрісі кең және әрдайым кәсіби деңгейін жоғарлатуға талпынатын қызметкер және жастардың тәлімгері ретінде көрсете білген.


Ол – еңбек жолын түгелдей ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейінің көтерілуіне арнаған. Қай лауазымда еңбек етпесін, кіріс бөлімін нығайтуға өзінің білімімен де, біліктілігімен де, жеке өнегесімен де сүбелі үлес қосты. Жоғары санатты маман ретінде жастарға үлгі-өнеге көрсете білді. Қаржы-салық органдарында 40 жылға жуық еңбек еткен.

Бүгінгі таңдар бейнетінің зейнетін көріп отырған Шахизада Жаңылбекқызы аудан, облыс басшыларының және салық комитеті төрағалары мен салық министрлігінің он беске жуық мақтау қағаздарымен, алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бұл оның көп жылғы, қажырлы адал еңбегіне берілген лайықты баға.

Тұрар Рысқұлов ауданының әкімдігі