Қарулы күштердің топографтары кәсіби білімін толықтырды
Бас штабтың Геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың, әскери бөлімдер мен әскери оқу орындарының топографиялық қызметтері бастықтарының оқу-әдістемелік жиындарын ұйымдастырды.
Іс-шаралар «Астана» өңірлік қолбасшылығының Спасск оқу орталығында және департаментке бағынысты 92835 әскери бөлімінде өтті.
Жиынға қатысушыларға қысқы оқу кезеңіндегі топогеодезиялық қамтамасыз етуді талдау нәтижелері жеткізіліп, 2023 жылғы жазғы оқу кезеңіне нақты міндеттер қойылды. Топогеодезиялық ақпаратты пайдалануды ұйымдастыру және әскери мақсаттағы геоақпараттық жүйелерге арналған дәрістер, сондай-ақ топогеодезиялық ақпаратты есепке алуды, сақтауды, беруді және пайдалануды ұйымдастыру бойынша нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізілді.
Қызмет мамандары «Дөңгелек үстел» форматында әскерлерді жауынгерлік қамтамасыз ету жүйесіндегі геокеңістіктік барлаудың рөлі мен орнын талқылады. Отырысқа қатысушылар топогеодезиялық қамтамасыз етудің қайта өңделген басшылық құжаттары мен топогеодезиялық ақпарат алудың заманауи құралдарын қолдану туралы пікір алмасты.
Практикалық сабақтарда қызмет мамандары зымыран әскерлері мен артиллерияның, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің атыс және ұшыру позицияларын топогеодезиялық байланыстыруды дайындау мен жүргізу мәселелерін пысықтады. Деректер жоғары дәлдіктегі топогеодезиялық аспаптардың көмегімен алынды. Офицерлер геоақпараттық жүйеде әртүрлі міндеттерді шешу бойынша практикалық жұмыстарды орындады.
Жиын аяқталғаннан кейін қатысушылар әскери топографияны білу үшін тестілеуден өтті.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі