Ұлттық музейде БАҚ қызметкерлері күніне арналған көрме өтеді

 

2023 жылдың 27 маусым күні сағат 16:00-де ҚР Ұлттық музейінде Қазақстандағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай «Қазақ журналистикасы: өткені мен бүгіні» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Көрменің мақсаты: еліміздегі БАҚ-ның халықтың ұлттық сана-сезімін қалыптастырудағы ролін көрсету, бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасу және даму тарихымен таныстыру.

Көрме үш бөлімнен тұрады: «Қазақ баспасөз басылымдарының тарихы», «Қазақ радиосының даму жолдары», «Қазақ телевизиясының 65 жылдығының жетістіктері».

Көрмеде ХIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазіргі күнге дейінгі мерзімді қамтитын тарихи құжаттар мен газеттердің көшірмелері, қолжазбалар, кітаптар, түрлі техника (баспа машинкасы, диктофон, фотоаппарат, бейнекамера, көгілдір теледидар, радиқабылдағыш т.б.), фотосуреттер сияқты экспонаттар қойылады.

Қазақстан журналистикасы өзінің қалыптасу кезеңінен бастап мемлекетшілдік, елдік, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағыттарын ұстанады. Қарымды қаламгерлер қалыптастырған дәстүрді кейінгі толқын журналистері де лайықты жалғастыра білді. Қазір еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды халыққа жеткізу жолында күш біріктіріп жатыр.

 

Көрме 16 шілдеге дейін жалғасады.