Әкімдер тұрғындардың жағдайын жақсы білуі керек
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданында арнайы жұмыс сапарымен болып, халықпен кездесіп, бірқатар құрылыс нысандары мен мекемелерді аралады. Аймақ басшысының жұмыс сапары Үшарал ауылдық округінен басталды. Алдымен облыс әкімі округ тұрғындарымен кездесті. Оған Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков және құқық қорғау орындары басшылары қатысты.
Кездесуде ауыл ақсақалы Базар Мәденов «Үшарал-Досбол- Түгіскен-Тараз» және «Кеңес-Көшек-Үшарал-Қаратау» бағытындағы автобус бағытын жандандырып, қазіргі «Пазик» автобустарына жолаушылар сыймайтындықтан жаңа автобус алу керектігін айтты. Бұл сұраққа аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серімов жауап берді. Ал, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бұл сұрақ төңірегінде:
– Жалпы, Талас ауданында ғана емес, облыста автобус паркінің жағдайы төмен. Тараз қаласындағы қалаішілік бағыттарға 140-150 автобус жетіспейді. Тасымалмен айналысып жүрген автобустардың өзі ескі. Бұл ретте айта кетерлік тағы бір мәселе – автобус тасымалымен кәсіпкерлер айналысады. Сондықтан, автобусты да кәсіпкерлер сатып алуы тиіс. Мемлекет тарапынан жасалатын көмек – субсидия төлеу. Субсидияға биыл 2 миллиард 900 миллион теңге бөлінді. Тараз қаласына биыл 73 жаңа автобус әкелінген. Жыл соңына дейін Тараз қаласын тағы 60 жаңа автобуспен қамту көзделіп отыр. Алдағы үш жылда аудандарға қатынайтын автобустарды да субсидия бөлу арқылы жаңалау көзделуде. Ол үшін кәсіпкерлермен үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Аудан әкімі Нұрбол Әбдімәжитұлына кәсіпкерлермен нақты жұмыс істеп, аталған бағытты жаңа автобуспен қамтуды тапсырамын, – деді.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындары округте қордаланған басқа да мәселелерді сөз етті. Атап айтсақ, Қыдырәлі Бекмұратов ауылындағы Әбдір Сағынтаев атындағы орта мектеп көгілдір отынға қосылса да ондағы жылу жүйесінің әлі қалыпты жұмыс істемей тұрғанын көтерді. Аудан басшылары оның жақын арада жөнделіп, іске қосылатынына уәде берді. Ал, Арал елді мекенінің тұрғыны Шертек Шаханов жол мәселелерін көтерді.
Бұдан соң облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы аталған ауылдық округтегі «Ақбас» шаруа қожалығының жұмысын көрді. Қожалықтың бүгінгі жүргізіп жатқан жұмысымен аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов таныстырды. Шаруашылық «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында мал бордақылау алаңын салып, бір мың бас мүйізді ірі қара бордақылауды қолға алған. Қожалықтың атқарушы директоры Шәмілхан Үсенбаевтың айтуынша, мұнда 100 бас бие, 30 бас сиыр сауылып отыр. Қожалық мал басын әлі де көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты.
Облыс әкімі келесі кезекте Қызыләуіт ауылдық округінде болып, Қызыләуіт ауылдық мәдениет үйіне жиналған ауыл тұрғындарын ашық әңгімеге шақырып, еркін форматта пікір алмасты.
Халық тарапынан қойылған сұрақтар мен мәселелерге облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жауап берді. Мұнан соң облыс әкімі ауылдағы «Балдәурен» бөбекжай бақшасын, «Шұқыр» әуітін, Жарас Ермұратұлының ауласындағы 0,5 гектар жерге егілген жылыжайды аралап, еңбеккерлердің жаңашыл істеріне куә болды.
Облыс әкімі ауыл тұрғыны, жас кәсіпкер Серік Алпысбаевтың биогумус өндірісімен танысты. Ол бір жылда 20 текше метр биогумус өндірген. Серік Алпысбаев «Талас ауданында Биогумус өндіретін 8 шаруашылық бар. Алдағы уақытта кеңінен дамытуды ойлаймыз. Қызыл шылаушынға малдың жаңа қиы керек. Жалпы, биогумус егістіктің барлық түріне қолайлы. Кәсібімізді 1 миллион 250 мың теңге грант алып, бастаған болатынбыз», – деді ол.
Облыс әкімі кәсіпкердің жұмысына қызығушылық білдіріп, қолдау көрсететінін айтты. Қызыләуіт ауылдық округ әкімі Ғарифолла Байкенжеевке кәсіпкерлермен, ауыл тұрғындарымен одан әрі жұмыс істеуді тапсырды.
Талас ауданы