Балық аулаудан бақ сынады
28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай, жамбылдық қаламгерлер арасында «Балық – байлық һәм денсаулық» атты сайыс өтті. Өңірге белгілі журналистер өзара бақ сынасқан жарыс басталмас бұрын аудандық «Меркі ақиқаты» газетінің директор-бас редакторы Серік Құралбай аудан әкімдігінің мәжіліс залында қалам ұстаған ағайынмен аз- кем әңгіме-дүкен құрды. Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Нәрікбаевтың өзі бастап журналист- балықшыларды көл жағасына алып барды.
Бұл күні сала ардагері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы мен жас журналистер Айжан Өзбекова және Ақтоты Жаңабайдың айы оңынан туды. Бұл тізімде Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Дәулет Төленді де бар. Олар балық аулаудың хас шебері екендіктерін дәлелдеп, өзгелерден оқ бойы озық шықты. Жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды. Қазақстан Журналистер одағы өңірлік филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов балық аулау жарысы әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы тиістігін атап өтті.
– Балық аулау – демалыстың әрі спорттың ерекше түрі. Таза ауада, тұнық судың бойында жүйкең демалып, иммунитеттің артатынын медицина да мойындайды. Сондықтан, облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен осы іс-шараны өткізуді қолға алдық. Бұл жарысты алдағы уақытта тұрақты түрде өткізу жоспарда бар, – деді филиал төрағасы.
«Ag jol»-Аqparat.
Меркі ауданы