Парасатты тұлға – адал қоғамды қалыптастырушы

Сыбайлас жемқорлық қай заманда болса да адамзаттың, қоғамның дамуына өз кесірін тигізеді. Сол себепті де қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру өте маңызды. Егеменді еліміздің жарқын болашағы үшін, өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз үшін жемқорлық дертімен күресуіміз керек.

Осы орайда, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының үйлестіруімен Тараз қалалық және аудандық «Жастар ресурстық орталықтарымен» жыл басынан бері жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түрлі форматтағы 5196 адамды қамтыған 226 іс-шара ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек, биыл облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевпен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының 2023 жылға арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» бойынша салааралық жоспары бекітілді. Аталған жоспар 13 тармақтан тұрады. Жоспар аясында облыстық, қалалық және аудандық «Жастар ресурстық орталықтары» тарапынан жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған түрлі іс-шаралар («Жастар жемқорлыққа қарсы» тақырыбына дөңгелек үстел, «Жемқорлық қоғамдағы кемшілік» тақырыбына кездесу, «Жастар жемқорлықсыз қоғамды таңдайды» тақырыбына семинар-тренинг, «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» атты флешмоб және т.б.) өткізілуде.

Сондай-ақ, басқарманың бастамасымен жастар арасында парасаттылық мәдениетін ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыстық жас көшбасшылар пулы жасақталды. Онда тұрақты негізде жастармен, жастар қозғалысының жетекшілерімен «Ted-x», «Печа-Куча» форматындағы заманауи еркін пікір алмасу, ой-талқы алаңдарындағы кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

Былтыр тамыз айында облыстық прокуратурамен бірлесе 2022-2025 жылдарға арналған жастар арасында отансүйгіштік рухты тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетті көтеруге, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулуға, жұмыссыздықты жоюға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірлескен кешенді жоспар бекітілген.

Аталған жоспар аясында биыл ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жамбыл облысы бойынша департаменті тарапынан Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттер үйінде «Парасатты тұлға – адал қоғамды қалыптастырудың негізі» тақырыбында TedХ форматында конференция, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Саналық ұрпақ» жобасы аясында студент жастардың ақыл-ой тапқырлығы мен жылдамдығын бақылау және жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Парасат жолы – адалдық жолы» атты брейн-ринг интеллектуалды ойыны, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Таза сессия» акциясы ұйымдастырылды.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес жүргізу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша жұрттың алдында тұрған үлкен міндет екенін ескере кетсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізуге баршамыз жұмыла еңбек етуіміз қажет.

Жомарт ЗҰЛПЫХАР,
Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.