ШӘКӘРІМ — «ҮШ АНЫҚ»

Шәкәрім өзінің «Үш анық» деген еңбегінде, үш анық бар дейді.
Бірінші анық ─ Құдай. Бүкіл халықтар, бүкіл ел, жер шарында қанша дін бар барлығы бір құдай бар екендігіне сенеді.
Екінші анық ─ адамның жаны мәңгілік екендігі.
Үшінші анық ─ адамның жанының екі дүниеде де, азығы бар екені анық дейді. Ол ұждан дейді. Ұждан үш нәрседен тұрады: ол — әділет, ынсап, мейірім.
Сондықтан, егер адам азығын алып өмір сүрсе дейді, яғни ұжданымен өмір сүрсе оны мәңгілік рахат күтіп тұр. Ал егер ұжданын алып үлгермесе, жаңағы айтқан әділет, ынсап, мейріммен өмір сүрмей, әділетсіз өмір сүрсе, біреуге қиянат жасаса, жүрегінде мейрім болмаса оны мәңгілік азап күтіп тұр дейді. Сондықтан, біздің жанымыз неге біреуге жақсылық жасағанда қуанады? Өйткені, болашақта о дүниеде бәйге алатынын сезіп тұр дейді. Мәңгілік азап бары, мәңгілік рахат бары анық.
Сондықтан Шәкәрімнің бір өлеңінде:
«Асыл іздеп асылды ала сұрар» — дейді. Асыл деген жан ғой, ал жан құдайды іздейді. «Өлмес жанға өзгермес орын керек» — дейді. Сонда өзгермес орын жұмақ қой. Мәңгілік бақилық, оны амал дейді дінде.
«Фәни дене бояуға мақтанады,
Жан төзбейді сол үшін сақтанады.
Өлмес жанға өзгермес орын керек,
Сондай іске ұмтылсақ шаттанады.»
Яғни, мұндағы «Фәни дене бояуға мақтанады» дегені, өлетін дене құнын жоятын, жаңағы бояу сияқты жусаң, кетіп қалатын, құнын жоятын тұрақсыз істермен айналысады. Мысалы: атақ, мансап, байлық бәрі тұрақсыз, бояу сынды, жусаң кетіп қалатын нəрселер.
«Мақтан үшін жан қалса ескерусіз,
Оның орны не болды байқадыңыз» — дейді.
Оның орыны, әрине, тозақ.
«Адамның ең асылы ─ қиянатсыз ақ пейіл, адамның ең жасығы ─ тайғақ мінез екі сөз»- дейді.
Адамның ең асылы ешкімге қиянат жасамаған адам. Ол мейлі надан болуы мүмкін, әліпті таяқ деп танымауы да мүмкін, бірақ ешкімге қылшықтай қиянат жасамаса, сол әулие. Шәкәрім атамыз бір өлеңінде:
«Сыртқы сөзің шын болса,
Ішің толған жын болса,
Жүрегіңде мін болса,
Айтқан сөзің ем емес.
Жүрегі таза адамдар,
Зұлымдықтан амандар,
Әулиеден кем емес» — дейді.
Қазіргі кезде біз бәрін білімге артып қойдық. Керісінше адам қиянатшыл болса, әрі білімді болса одан асқан жауыз, одан асқан айлакер, одан асқан зиянды адам болмайды, қазіргі қоғамда соны көзіміз көріп отыр. Керісінше, адам білімсіз болсын, көзі ашылмаған надан болсын, ешкімге қиянаты болмаса, ондай адам — әулие.

Токберген Байтасов парақшасынан