ЖАМБЫЛДЫҢ ЖАҢА ЕСІМДЕРІ

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағында «Жаңа есім-2023» аталымының жеңімпаздарының құрметіне гала-концерт өтті. Оған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты.
Бұл шығармашылық кешке «Жаңа есім-2023» облыстық жобасының 16 жеңімпазы шақырылды.
Биыл өңірдегі 15-25 жас аралығындағы өнерпаз жас таланттардың ішінен жаңа есімдерді іздестіріп, оларға қолдау көрсетіп, орындаушылық шеберліктерін шыңдауға ықпал ететін бұл облыстық жобаға 500-ге жуық үміткер қатысқан. Аймақтағы ауқымды байқаудың іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, мәреге жеткендердің ішінен Тараз қаласынан Бекарыс Ахмет, Ангелина Хегай, Перизат Асқарбек, Ұлмекен Рахматулла, Қалмырза Рахымбердиев, Бақтияр Аршанбек, Аруна Маратқызы болса, Жамбыл ауданынан Бақдаулет Жанатбек, Айшат Миссирова, Орынбасар Бақытұлы бар. Ал Байзақ ауданынан Айбар Жапсарбек, Саламат Молдабаев осы іріктеудің жеңімпазы атанса, Талас ауданынан Әділбек Сағат, Сарысу ауданынан Ақниет Қаюп, Жуалы ауданынан Әлима Жетпісбай, Меркіден Нұрайлым Тұрлыхан үздіктер қатарынан көрінді.
Аталған гала-концертті облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйлеп, үздіктерді марапаттады.
– «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, біз жастар арасында осындай бір байқау ұйымдастырған болатынбыз. Бүгін соның мәреге жеткен күніне орай жиналып отырмыз. Жастар қашанда алтын уақыттарын өз білімі мен жиған тәжірибелерін, шығармашылықтарын дамытуға арнаса, біз оларды қолдауға дайынбыз. Бүгінгі жаңа есім иелері ертең ұлтымыздың атын көпке танытатын өз өнерлерінің майталманы болатынына сенімдіміз. Сіздерге қашанда өнерде ашық жол тілеймін, – деді Е.Үйсімбаев.
Сонымен қатар аталған іс-шара барысында облыс әкімінің бастамасымен жарық көрген ән жинағының тұсауы кесілді.
Ал іс-шара жас өнерпаздардың ән-шашуына ұласты.

Ar-Ay