Сүтті отқа төкпе
Бір кісінің үйінде сиыры мол болған екен. Ол үйдің келіндері барлық сиырды сауып үлгере алмайды екен. Бір күні кіші келін шелек толы сүт артылып қалғасын, ошақтағы отқа төгіп жібереді.
Ертеңіне барлық сиырдың желіні ісіп, сүт тартылып қалады. Қанша сауса да, ешқайсысынан бір тамшы да сүт шықпайды. Отағасы мұның неден болғанын түсінбей абдырап, мал жайын жақсы білетін бір ақсақалға барып кеңес сұрайды. Ақсақал:
– Балам, малыңа ешқандай дерт те, оба да келмеген. Келіндеріңнің бірі кесірлік етіп, сүтті отқа төккен. Ағарғанды рәсуә еткені үшін Құдай тағала ашуланып, малыңа осындай бәле жіберді. Енді бір малыңды сойып, ел-жұртқа садақа етіп тарат. Құдайдан кешірім сұрап, тәубе қыл. Сонда ғана бұл кесапаттың алдын аласың, – деп ақыл қосады.
Бай ақсақалдың айтқанын істейді. Содан кейін сүтті отқа төкпеу керек деген тыйым өмірге келген екен.