Қызылша — қауіпті кесел
Қызылша — бұл адамнан адамға ауа тамшылары арқылы берілетін жедел вирустық жұқпалы ауру. Ауру дене қызуының көтерілуі, интоксикация, конъюнктиваның және жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының катаральды қабынуымен, терідегі бөртпелермен сипатталады. Қызылша екпе алмаған жағдайда, жасына қарамастан, кез келген адамға жұғатын өте жұқпалы ауру.
Инфекция көзі-қызылшамен ауыратын адам. Вирус ауа тамшылы, сілекей тамшыларымен, түшкіру, жөтелу, сөйлесу арқылы беріледі. Егер адам осы инфекцияға қарсы вакцинацияланбаған болса, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін инфекция 100% жағдайда жұғады. Қызылша ауруымен байланыста болғаннан бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі кезең (инкубациялық кезең) 7-ден 14 күнге дейін созылады. Осы кезеңде науқас айналасындағылар үшін инфекция көзіне айналады.
Ауру айқын бас ауруынан, әлсіздіктен, дене қызуының 400С-қа дейін көтерілуінен басталады. Біраз уақыттан кейін бұл белгілерге мұрынның ағуы, жөтел және тәбеттің толық болмауы қосылады. Жарықтан қорқу, көздің жасаурауы, қызаруы, іріңді бөлінділердің пайда болуымен жүретін, коньюктивит қызылшаға тән белгі болып табылады. Содан кейін алдымен бетте, мойында, кеуденің жоғарғы бөлігінде, денеде және аяқ-қолдарда бөртпе пайда болады. Қызылшаға өте тән нәрсе — бөртпе пигментация қалдырады (бірнеше күнге созылатын қара дақтар), ол бөртпе пайда болған ретпен жоғалады.
Егер бұрын қызылша балалар инфекциясы деп саналса, қазір науқастардың негізгі үлесін – бұрын ауырмаған, қызылшаға қарсы екпесі жоқ еңбекке қабілетті жас адамдар құрайды. Қызылша асқынуларымен қауіпті: өкпенің қабынуы (пневмония), ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), энцефалит (мидың қабынуы).
Қызылшаның ең тиімді алдын алу жолы — вакцинация. Аурудың таралуын болдырмау үшін тұрғындарды вакцинациямен жоғары деңгейде қамтылуын қамтамасыз ету қажет. Вакцинацияланбаған тұрғындардың пайызының төмендеуі аурудың өршуіне әкелуі мүмкін. Бұл қызылша ауруының таралуына негізгі себебі болып табылады. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға қызылшаға қарсы жоспарлы егу 12-15 айлығында және қайта егу 6 жаста жүргізіледі.
Қызылшаға қарсы вакцина алу керек пе? Әрине, бірақ егілгендердің де сырқаттанатынын білуіміз қажет, себебі ауырған күннің өзінде ауру жеңіл өтіп, асқынулар туындамайды.
Егер сіз немесе сіздің балаңыз ауырып қалса, сізге:
— шұғыл медициналық көмекке жүгіну;
— емханаға өз бетінше бармай, дәрігерді үйге шақыру;
— дәрігер келгенге дейін туыстарымен, таныстарымен байланысын азайту;
— жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды орамалмен жауып, қолды сабынмен және сумен жиі жуыңыз;
— тыныс алу органдарын қорғау құралдарын қолдану (мысалы, бетперде);
— өзін өзі емдеуге жол бермеу қажет!
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы