ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ САҚТАЛУЫ ТИІС

Мектеп бітіруші түлектердің қоштасу кештерінде келеңсіз оқиғалардың орын алмауын және бақылауда болуын қамтамасыз ету бойынша аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы Мамытовтың төрағалық етуімен жиын болып өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов, аудан прокуроры Думан Алдабергенұлы, Ұлттық қауіпсіздік Комитеті Департаментінің Сарысу аудандық бөлімшесінің бастығы Асқар Айбосынов, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қуанышбек Қалжанов, білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов, қала және ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшылары қатысты.

Күн тәртібінде мектеп бітіруші түлектердің қоштасу кештерінде келеңсіз оқиғалардың орын алмауын және бақылауда болуын қамтамасыз ету туралы мәселе қаралды. Осы мәселе бойынша аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы:-Аудандағы 27 мектепті 385 оқушы аяқтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Бұл мектеп бітірушілерге де және олардың ата-аналары үшін де үлкен бір іс-шара. 11 жыл бойы бір сыныпта білім алып, бірге есейген оқушылардың мектеп бітірер күні айтулы кеш ұйымдастыруы әдетке айналғаны рас. Бір топ бала сәнді әрі қымбат көліктерден кортеж ұйымдастырса, екінші топ сыныптастарымен бірге күн көтерілгенін күтіп, таң атырады. Алайда мұндай көпшілік жиын, жаңа өмірге қадам басқалы отырған жеткіншектердің көп жағдайда келеңсіз жайтқа ұшырауымен аяқталып жатады. Сол себепті оқыс, келеңсіз жағдайларды болдырмау бәріміздің мақсатымыз,-деді.

Мектеп бітіруші түлектердің қоштасу кештерінде келеңсіз оқиғалардың орын алмауын және бақылауда болуын қамтамасыз ету туралы іс-шара жос-парымен аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов таныстырып өтті.

Жиынға қатысушылар ұсыныс-пікірлерін айтып өтті. Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектердің қоштасу кештерінде төтенше жағдайлардың орын алмауын қадағалау және оның алдын алу бойынша аудандық топ құрамы бекітіліп, адам көп шоғырланатын жерлерді құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар бөлімінің және орталық аурухана қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастырылып, ойын-сауық орындарында, кафелерде мектеп оқушыларының түнгі мезгілде қараусыз жүрмеуін бақылауда ұстау үшін ата-аналардың арнайы чаттарында түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс екендігі тапсырылды.

Дәмеш СҮЛЕЙМЕН,

«Sarysý»