Сүйінші достар!

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «Тұмар-2023» ұлттық телевизиялық байқауына «Хабар» агенттігі атынан үкілеп қосқан жобаларымыз бен жүйрік журналистеріміз үздік атанды.
«Үздік деректі фильм» аталымында «Хабар» агенттігінің 2022 жылғы телемаусымда көрерменге ұсынған түрлі жанрдағы жүзге тарта жобаларының бірі де бірегейі – «Абайдың соңғы күндері» деректі фильмі топ жарды. Фильмнің және сценариінің авторлары – жазушы-журналист Қанат Тілеухан мен әдебиетші, публицист Бағашар Тұрсынбайұлы. Ұлы ойшылдың соңғы күндері туралы тарихи фильм «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсіріліп, өткен жылдың қазан айында көрерменге ұсынылған болатын.
«Үздік журналистік зерттеу» аталымы бойынша «Хабар 24» телеарнасының «Арнайы репортаж» жобасы үздік деп танылды.
«Хабар 24» телеарнасының «Күн тәртібінде» бағдарламасының жүргізушісі Еркін Байғабылұлы «Үздік тележүргізуші» аталымын жеңіп алды.
Агенттіктің барша қызметкерлерін, үздік атанған жоба авторлары мен шығармашылық ұжымды және жүлдегер журналистерді жемісті жеңістерімен құттықтаймын. Алдағы уақытта да елге пайдалы, көрерменнің көңілінен шығатын үздік жобаларды жүзеге асыра берулеріңізге тілектеспін. Шығармашылық шабыт, табысты еңбек, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

Берік Уәли, “Хабар” Агенттігі” АҚ Басқарма төрағасы