МЫҢ ЖЫЛДЫҚ КӨРГЕНДІЛІК

Құрылтай әуендері…

КІТАП ОҚИТЫН МИНИСТР ҚАБЫЛДАУЫНДА.

Түркістанда өткен екінші Құрылтайда ҚР Президенті аузынан шыққан бір қадірлі сөз – кітап оқуға бетбұрыс жасау, өзінен бастап, облыс әкімдері үшін жер-жерде кітапхана қалыптастыру жайында болды. Бәлкім, бүгінгі әңгіме де сол арнаға барып құяр.
Бала кезде кеңестік министр қабылдауына еркін кіре беретін едік. Бұдан жарты ғасыр бұрын Қазақ ССР-інің «Кітап және полиграфия министрінің қабылдауында» (Ш.Елеукенов туралы) болғаным бар. Одақтық деңгейде кеңінен танымал сыншы, үлкен ғалым болып өткен Шерияздан ағамыз қайтыс болған сәтте жақсылығын айтып, «Министрдің қабылдауында» атап «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде көлдей мақала жарияладым. Мүнақып сөз. Рухқа тағзым. Жақсының жақсылығын айту. Біздің бүгінгі жарамсақ жазушылар секілді Тірі министрге жағыну емес. Атай көрмеңіз. Тәуелсіз 30 жылда бір министрдің есігін қағып көрмеппін. Сұрамсақ, жарамсақтық жақтырмайтын адами табиғат.
Енді, міне «Кітап оқитын министр қабылдауында» атап мақала-пост жазғалы отырмын. Кешегі кеңестік заманда «Кітап оқитын министр қабылдауында» деп тақырып қойып, мақала жазу — ұяттың көкесі болар еді. Ондай тақырыппен мақала жазсаң оқырман «мынаның есі дұрыс па өзі?»-деп өзіңе күлер еді. Генсек М.С.Горбачев «Жанпида» романын оқыған сәтте, шоң Шыңғыс Айтматовты қабылдауына өтініп шақырғанынан хабардармын. (Ш.Айтматов жайында кітап жазған алғашқы әдебиетші қазақ болуым керек.) Ал, министр атаулыда кітап оқымайтын адам болмайтын. Кітап оқымайтын адам министр болмайтын, сірә дә! Ал, біз бүгін осындай «әдепсіз» тақырып қойып, жұртты әдепке, министрлерді кітап оқуға шақырып отырысымыз мынау. («Жүз жылдық көргенсіздік»…). Ит мініп, ирек қамшылаған, не заман болды бұл? Демек, біздің заманда кітап оқымай-ақ, саланы білмей-ақ министр болып тағайындалу етек алып кеткен болып тұр дә… «Тренировка» мен «репетицияны» айыра алмайтын мәдениетсіз Мәдениет министрі, Қ.А.Ясауйдейін ұлы әруақ Мавзолейіне қыруар қаржы бөлдіріп, «заңдастырып» бөлген қаржыны қалтасына салып, қайқайып жөнелген министрлерді білетін едік. (Олардың кейбірі сотталып та үлгерді…). Оларды кітап оқитын еді, кітап құнарын бойына сіңіріп, ұлттық мыңжылдық құндылықтарымыздың қадірін білді деп қайтіп айтарсың?!
07.06.2023 күні ҚР ІІМ М.М.Ахметжановқа қабылдау сұрап ф/б
арқылы хат жазғаным жәмиғатқа мәлім. Сол Қабылдаудың сәті жақында түсті, орайы жақында келді.
Айтқан уақытта министр М.М.Ахметжанов қабылдауына бардым.
Есендесіп, қарама-қарсы отырған бетте министрдің айтқаны:
— Сіздің қандай шаруамен келіп отырғаныңызды білмеймін. Сіз
Қабылдау сұраған соң, кітаптарыңызды алдырып оқып, таныстым. Мақалаларыңызды да үлгергенімше қарадым. Сізді Қабылдауға дайынмын.
— Оныңызға рахмет! Бірақ, Мен детектив жанрында жазатын
жазушыдан емеспін. Үш мәрте Жауынгерлік Қызыл Ту орденінің иегері – жалғыз қазақ Абдолла Жармұхамедов, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев жайында жазған ішінара жазбаларым болмаса. Менің жазған еңбектерімнен бәлендей нәр ала қоймаған боларсыз? Кітап оқуға кеткен уақытыңызды аяп отырғаным…
— Жоқ. Неге? Олай демеңіз. Мен ұлы жазушымыз, аға болған аяулы
Әбіш Кекілбаевтың «Қ.Ергөбековті Ергөбековше танып, Ергөбековше бақайшағына шейін шағып талдап түсіндіріп беру үшін тағы бір Ергөбеков керек болады. Таңқалдыра біледі, тамсандыра біледі…»-деп аса жоғары бағалаған жазушыны қабылдап отыр емеспін бе?
…Менің үнім өшті. Дүрдиіп отырған жалым жығылды. Жығам қисайған жоқ бірақ. Айта келген өтінішім, саланың аса абыройлы эксминистрі, өзі де мемуарист қаламгер генерал Құлмұхамед Қалменов аманаты еді. Ал, министр болса, Әбіш ағаның «Тұлпарыңды сынағың келсе, Арғымақ баптаған елге бар, құлын кезін көрмедім деп сындыра қоймас сағыңды. Жігіттігіңді сынағың келсе, Азамат өсірген елге бар, әкеңмен табақтас болмадым деп, байлай қоймас бағыңды!» — (ойша келтірілді) деген байлауы берік, ойда жатталуы қиын, сиырдың бүйрегіндей қырық бөлек қазақты елдікке, кісілікке, бірлікке бастайтын философиялық ойын жатқа соғып кеп жіберсін.
Ішім сары майдай еріді…
Әбіштей дананың Баянауылға депутаттыққа кандидат болып бақ сынай барғанда сауға сұрап айтқан сөзі. Сауытбек достың «Абыз Әбіш» кітабынан оқығанымды айтып ой жарыстыра бастаған едім, министрім одан әрмән алты қыр асып әдебиетшідей сілтесін. Шоң, Шорман да, ағайыным еді деп қарамай, оларды қасқайтып сынайтын Сұлтанмахмұт та сырт қалмады. Берідегі ойшыл ғалымдар Қаныш Сәтпаев та, Шапық Шокин де, Әбікен Бектұров та, Әлкей Марғұлан да әңгіменің ой қорытпасына айналып кеп берсін. Іштей «айналайын, айналайын» — деп Мен отырмын. Аузым ашылып қалыпты.
Әбіш ағаға деген ықыласымды аңғарды ма, әйтеуір ұлының есімін Әлкей деп осы бір дана адамның қойғанын да мақтанышпен мәлімдеді. Қызметте болған кезінде (облыс прокуроры) Жүсіпбек Аймауытовтың Шымкентте тұрған үйінің (1920 жылдар) үйіндісіне тап болғанын айтып, әңгімемен «Түркістан республикасына» қарай бірсыпыра сапарлады. Министрдің Жүсіпбек шығармашылығына тіпті қанықтығы тағы таңқалдырды.
Бейне ҚР Ішкі істер министрі қабылдауына емес, Академияның Президентінің қабылдауына тап болғандай күйдемін.
Әңгіме «Түркістан республикасы» жайына ойысқан жерде, өзіне дейінгі әріптестері министрлік жанынан салалық Музей экспозициясын жасақтағанын айтып, әрідегі Абдолла Жармұхамедов, берідегі Шырақбек Қабылбаев, Құлмұхамед Қалменов өмірінен сол музейге жәдігерлік жеткізіп беруімді өтінсе бола ма?! «Жанымнан күйгелі» тұрған басым «Москвада музейдің оқуын оқыған жалғыз жазушымын»-деп мақтанып нем бар еді деймін іштей. Пендешілік, әрине.
ҚІІМ «Серт» республикалық байқауын ұйымдастырып, жеңімпаздар шығармаларын «СЕРТ. Қазақстан детективтерінің жинағы» — атап екі томдық шығарған екен. Алдында отырған Қазақстанда тұңғыш «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» ұйымдастырған кітапқұмар фидайы жанды жазбай таныған психолог чекист М.М.Ахметжанов әлгі қорабқа салынған екі томдықты табан астында сыйлап үлгерді. Кітапқұмар үшін кітаптан асқан сый болар ма, сірә?! Одан кейінгі екеуара әңгіме кезінде Москвада жарық көрген екі жүйе «Әлемдік детектив жинағы» мен «Отандық милиция детективі» сериялық кітапханасының қалыптасқанына ойысты. «Шіркін, бізде де «Серт» жинағын бетке алып, осындай серия қалыптастырар ма еді» — дедік қос дауыспен.
Өз тарапымнан Мен де Ішкі істер саласынан байқаған кемшіліктерді ортаға салып, ҚР Президенті жүргізіп отырған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» реформасына сай, қоғамды ізгілендіру – ішкі істер қызметкерлерінің жан-дүниесін жаңартып, санасын жаңғыртудан басталатынын айттым. Бірде теледидардан министр аузынан шыққан «Біздің қызметкерлердің бір қолында қалқан, бір қолында шоқпар болады…» — деп басталатын қызметтік міндетті образды айтқан сөзіне кішкене өзгеріс енгіздім. «Шоқпарды қазақ сырт жауға жұмсаған, шоқпар орнына қазақы мінезді – қамшыны ұстағандарың жөн болмас па?»-деп сынап, сыналап ой салдым…
Қалай дегенде де жарты сағаттық қабылдауда «күштік министрлікті» басқарып отырған, өз ісіне жетік, ұлт руханиятына уызынан жарыған, кітап оқитын, оқығанын ұрпақтар тәрбиесіне қапысыз жұмсай білетін «Жаңа Қазақстанды» жасақтаушы жасампаз Азаматты жазбай таныдым. «Ішкі істер құрылымын қалай ізгілендіруге болады?», «Облыс-облыстағы қысқартуға түсіп бара жатқан «кіші состав» дайындайтын орталықтарды ірілендіру» (эксминистр генерал Құлахмет Қалменовтың аманаты еді), «А.Жармұхамедов, Ш.Қабылбаев, Қ.Қалменов секілді ішкі істер жүйесінде министр қызметінде жүріп, абыройсыз жүйенің тарихында абыройлы із қалдырған азаматтарды ұмытпау» Міне, осы төңіректе өз ойымды, өз ұсынысымды айта барып, Сала музейіне А.Жармұхамедов, Ш.Қабылбеков, Қ.Қалменов жайында бұйым-тайым (экспонат) жинасуға уәде беріп шықтым қабылдаудан.
Қабылдау «Жүз жылдық көргенсіздік» жайында жазып жүрген Маған «Мың жылдық көргенділік» жайында толғануға бастады. Ойымда: «Бар министр кітап оқыса, кітап оқымайтын адам министр болмаса (оқығанын өмірге пайдаланса)»- деген фраза алма кезек алмасады…

Құлбек Ергөбек. 01.07.2023