АДАМНЫҢ МҮШЕСІНЕ ҚАРАП КІСІ ТАНУҒА БОЛАДЫ………

АДАМНЫҢ МҮШЕСІНЕ ҚАРАП КІСІ ТАНУҒА БОЛАДЫ………

Мойыны қысқа адамды хан сайламаған. Мойыны қысқа адам елін өрге сүйрей алмайды.

Мүшесінде бір кемдігі бар адамды би(судья) сайламаған. Дене мүшесінде бір кемдігі бар адамның әділеті де кем.

Қазіргі уақытта бет жүзінде, көзінде бір кемдігі бар адамдарды сөзіне қызығып би сайлап алып жүргендер бар. Күлкілі істер ол кісінің басын қалайда бір айналып ұшады.

Көзі қыли не шапырашты адам жақсының жақсылығын тани алмай жаманға ұрынады.

Бойы тым аласа (қортық) адам асылды бағаламайды, көңірсіген, мүксіген сөзі көп болады. Мұнда жай бойы аласа адам айтылып тұрған жоқ, аяғы мен кеуде ұзындықтарының сәйкесімсіздігі айтылып тұр. Әйтпесе, аласадан шыққан асылдар көп.

Иығы кең емес адам өжет, елдің қамын жегіш болса оны сардар қой, бірақ көсем қылма.

Етін кеудесіне емес, балтырына, санына жинайтын адамды сарбаз етіп соғысқа салма, ақылшы уәзір етіп кеңеске сал.

Құлағы үшбұрыштанып етінен жарып шыққан адам ит жанды болады, ондай адам қиыншылықта жасымайды. Бірақ, өмірі жеңіл бола бермейді.

Бөксесі мен кеудесі дөңгеленген адамның жамбас қуаты көп болсада, ерлігі аз болады. Жауынгер халықтардың әйелдерінің кеудесі мен жамбасы еркектердікі сияқты жұқалтаң келеді. Батырлығы аз халықтардың әйелі де, еркегі де барынша бөкселі, дөңгеленген кеуделі келеді.

Нағыз күшті адамның бел омыртқасы болмайды. Белінің арты тақтайдай тұтас сүйек болады.

Дене қуаты керемет күшті адамдар мен алып адамдардың көбінің ақыл-есі кем болады.

Ірілі-ұсақты көп жаманшылық, әділдікке қас іс істегендердің өңі жасы ұлғайғанда құбыжықтанып кетеді.

Қазақ баласының туғанда терісінде көгілдір қалы болса, ол сәби күнінде кетіп қалатын болса бұл баланы көп тәрбиеле. Ал, туғандағы көгілдір қалы есейгенінде ғана кететін болса мұндай баланы тәрбиелемесең де саналы болады.

Құлағы үлкен адамдардын күш-қуаты жақсы болады. Егер, құлағы үлкен, сырғалығы жарасымды адам арық, әлжуаз болса оны тәрбиелеп, жөнді тамақтандырса тез күшейеді.

Аузы қисық адамның қанша тәтті болсада сөзіне қарама, ісіне, бағытына қара. Сонда кім екенін білесің. Ел алдында танымал адамдардың ішінде бірнеше ауызы қисық адамдар бар.

Маңдай тісі ор қояндікіндей орсақ адамдар алған бетінен қайтпайды.

Адамның дене бітімі, өң-пішіні қандай аң-құсқа ұқсаса киесі де, мінез-құлқы да солай болып келеді. Кесірткінің үлкені кесел деген аңның бас пішіні сияқты адамдар бар, бақа басты адамдар бар, тырна сүйекті адамдар бар. Бізде бәрі бар.

Жүрек жұтқан адамдардың сақалы қою болмайды, селдір келеді.

Шығармашылық адамның таланты бір ғана өнерде болса ақылы жындыға жақын келеді. Егер, бірнеше салада қабілетті болса ақылы дұрыс болады.

Өлең жазудан басқаны біле бермейтіндердің жындысүрей болатыны содан. Ақындар көбінде алкеуде, өршіл, ақкөңіл, аңғал, таза ниетті, сезімтал келсе, жазушылар оларға қарағанда жинақы, парасатты, қу келеді.

Балаңыз шығармашылық адамы болса шығармашылықпен қатысы жоқ нәпақасы жақсы басқа бір саланы оқытыңыз. Ақшасын содан тауып, ләззатын өнерден тапсын. Ақыл-есі мен өмірі орнында болып жақсы өмір сүреді. Қаламгер баланы әдебиет саласы бойынша оқыта берудің қажеті жоқ.

Табаны жалпақ адам бір жерде тұрақтап тұрғысы келмейді. Ондай адамды бір жерде күштеп ұстасаң қан айналысы бұзылады. Ауық-ауық ел мен жер аралатып тұр. Арғы аталарында мықты барлаушы, жортуылшы шыққан буындарда осындай ұрпақтар кездеседі.

Ұйықтағанда көзінің шетін ашып ұйықтайтын баланы шығармашылыққа баулы. Қиялшаң, арманшыл келеді.

Тез қимылдайтын, әрекеті ширақ адамның күші аз болсада, жауынгерлігі артық болады. Күші көп, баяу қимылдайтын байсалды адам оның алдында басын иіп бағынады.

Нағыз жауынгердің көбі сәби күнінде көп жылайтын, қуаты мығым емес адамдардан шығады. Сәби күнінде қуаты мығым байсалдыдан балуан шығар, бірақ қас батырдың шығуы екіталай.

Көкбөрі-Мүбәрәк Қизатұлы.