Әйеліңіздің аяғы ауырлауы– екеуіңізге ортақ қуаныш, ортақ бақыт.
► Біз көбіне алғаш рет аяғы ауырлаған жас келіндерге ғана көңіл бөлеміз. Екінші рет жүкті болғанында енді ол бәрін біледі деп ойлаймыз. Бірақ оныншы рет жүкті болса да әйел аяғы ауыр кезінде жақын адамдарының қолдауын күтеді. Ағзадағы гормондық өзгерістер әйелдің жүйкесіне әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан болар, кейбір әйелдер, оның ішінде өзім де бармын, жылауық болып аламыз. Кез келген нәрсе, тіпті кинодағы кейіпкердің аянышты өміріне, көңілсіз әуенге де жылай саламыз. Біреудің артықтау сөзі де көңілге тиіп қалады. Қысқасы, мұндай уақытта әйел «тырнақ астынан кір іздеуге» кіріседі. (Мүмкін бұл құбылыс бәрінде бірдей болмайтын да шығар. Ондай сезімде болмайтын әйелдерден кешірім сұраймыз). Осындай кезде әйеліңізге жылы сөйлей салғаннан ештеңеңіз кете қоймас. Таңертең ұйқыдан оянғанда қалай демалғанын сұраңыз, еш жері ауырып тұрған жоқ па екен, оны да біле салыңыз. «Өзіңді күтіп жүр», – деп қамқор көңіліңізді білдіріп қойыңыз. Одан сіздің кісілігіңіз кеміп қалмайды. Қайта сүйіспеншіліктеріңіз арта түседі.
► Жұмысыңыздан ертерек келіп, әйеліңіздің жерік асын жегізіңіз. Көп әйелдер жерік кезде үйдің тамағын жегісі келмейді. Сондықтан дәмханаға ертіп барыңыз. Әйеліңізге жерік асын жегізесіз, әрі оңаша отырып, сырласып қайтасыздар. Бұл тәсілдің бір-біріңізді түсінуге де жәрдемі тиеді.
► Дәрігерге бірге барыңыздар. Әсіресе, «УЗИ»-ге түскенде жанында болсаңыз, әйеліңізді бақытқа кенелтесіз әрі оның ең бақытты сәтінің куәсі боласыз. Құрсақтағы шаранасын монитордан көргенде әйелдер төбесі көкке жетердей қуанады. Әйеліңіздің қуанышын бөлісіп, жанында болыңыз. Ол – екеуіңізге ортақ қуаныш, ортақ бақыт.
► Әйеліңіздің аяғы ауырлағанда отбасының өзге мүшелеріне, әсіресе анаңызға оған түсіністікпен қарауы керегін айтыңыз. Әйел мұндай кезде көбірек ұйықтағысы келеді, кейде тәтті, кейде қышқыл, ащы тағамдарға әуес болады. Әйелдің мұндай «еркелігін» өзінікі емес, құрсағындағы шаранасының «капризі» деп түсініңіз, мұны өзгелерге де түсіндіріңіз.
…Қысқасы, жүкті әйелге қамқорлық көрсеткен жақсы. Ұйқысы тыныш, тамағы тоқ, уайымы жоқ, күйзеліске түспеген дені сау әйелден өмірге дені сау ұрпақ келетіні есіңізде болсын. Ал күйбең тірліктен титықтап шаршап, айналасындағылардан қолдау көрмеген әйелден ашуланшақ, ызақор, әлжуаз, аурушаң бала туылады. Осы жайлар қаперіңізде болсын!
Дереккөз: Stan.kz