Құндылықтар құнсызданған заманда!

Ойланатын кезең туды:
Маған,
саған,
оған да!
Салт-дәстүрің, дінің, тілің жоғалса,
Құның төмен ар алдында — малдан да!

Құндылықтар құнсызданған заманда!
Арсыз істер белең алды қоғамда!
Қыздың арын қызғыштайын қорыйтын,
Ерің ез боп, тапталуда табанға!

Құндылықтар құнсызданған заманда!
Имансыздық шықты ойнақтап алаңға!
Ашық-шашық жүрген қызға тиым жоқ,
Орамалға қарсылық көп қоғамда!

Құндылықтар құнсызданған
заманда!
Ар мен ұят
сырғып кетті табанға!
Шектен шыққан пенделердің ісінен,
Көбейді ғой түрлі апаттар ғаламда!

Құндылықтар құнсызданған
заманда,
Құныққандар құл болуда харамға!…
Еш пайда жоқ рухы тұл, ойы тар,
иманы жоқ жүректерден қоғамға!

Нағашыбай Қабылбек
10.07.23