Ғылым жолындағы ғажап жан

Қазақстан өркендеудің соңғы сатысы – ақпараттық кезеңге аяқ басып келеді. Қазір үкімет тарапынан жас ғалымдардың кәсіби қалыптасуына, шығармашылық өсуіне, олардың мүддесін қорғауға ықпал етуде.

Бүгінде қазақстандық ғылымға өзіндік үлесін қосып, жан-жақты ізденіп жүрген сарысулық ғалым қыздың бірі – Меруерт Жұмабекқызы. Нәзік жандылар заманның қай кезеңдерінде де қоғамнан ажыраған емес. Оны тарих беттеріндегі аналарымыздың қоғам мүшесі ретінде өзінің әлеуетін, қай салада болмасын, қоғам қайраткерлері ретінде дамытып отырғанын білуге болады. Қазақи ортада өмір сүре отырып, өз жеке басынан гөрі қоғам мүддесін жоғары ұстаған халқымыздың дара тұлға нәзік жандары қаншама?! Тарихтан белгілі Домалақ ене, Дарабоз ана, Ұлпан аналар және тағы да басқа тұлғалар – осының дәлелі. Жазушы Мұхтар Мағауин: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – деп қазақ әйеліне тамаша бір баға берген.

«Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «Ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Білімді азаматшалар өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт-пішіні, киген киімімен де айналасына жақсы мағынада қатты әсер етеді. Осындай қасиеттердің барлығын дерлік Меруерт Сақыпбекованың бойынан көруге болады.

Сүйіншілеп елге жария ететін жаңалықтың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Диссертациялық кеңестің шешімі және Басқарма Төрағасы-Ректорының бұйрығы негізінде «6D075100 – Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандығы/білім беру бағдарламасы бойынша барлық құқықтар, артықшылар мен міндеттерге сәйкес Меруертке Философия докторы (PhD) дәрежесі берілді. Философия докторының өмір жолы мен жеткен жетістіктері туралы аз-кем тоқталып кеткеніміз жөн болар.

Ол 1976 жылы 2 шілдеде Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 1983 жылы Байқадам қазақ орта мектебіне барып, 1993 жылы О.Жаутіков атындағы республикалық арнайы физика-математика мектеп-интернатын, 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің «қолданбалы математика» мамандығын тәмамдап, 2003 жылы сол университеттің магистратурасын «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бітірді. 2016-2019 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінің «6D075100 – Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандығының докторантурасын аяқтады. Еңбек жолын 1997 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы орта мектепте информатикадан сабақ беруден бастаған. Одан кейін «Данашым» мектебінде информатика пәнінен, «Сенім» мектебінде математикадан сабақ берді. Ал, 2005 пен 2013 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде физика-математика факультетінің информатика және қолданбалы математика кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарды. 2013 оқу жылынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің информатика кафедрасының аға оқытушы міндетін атқарушы болып қызметін атқарды.

Еңбек жолында бакалаврда «Параллельді программалау», «Программалау тілдері және технологиялары», «Программалау», «Ақпараттық технологиялар», «Алгоритмдеу және программалау», «Операцияларды зерттеу» пәндерінен дәріс оқып, практикалық сабақтар жүргізген. «Әл-Фараби» олимпиадасында қазылар алқасының мүшесі болды және тест тапсырмаларын жасады. 2017 жылы Ғылыми тағылымдаманы RWTH Aachen университетінің Аэродинамика институтында өтті. БҒСБК ұсынған журналдарда және тағы да басқа. журналдарда және халықаралық ғылыми конференциялардың жинақтарында жарияланған 30 ғылыми еңбектері, рейтингтік ғылыми басылымдарда 2 ғылыми еңбек және 4 оқу-әдістемелік құралы бар. Сондай-ақ, түрлі халықаралық орталықтар мен білім беру ұйымдарында білімін жетілдіріп отырды.

Қызмет бабымен жоғарылаған ол 2018 жылдан «Парасат» кәсіподақ ұйымында ақпараттық технологиялар факультетінің профбюро төрағасы, 2019 жылдан Жасанды интеллект және BigDataкафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, аға оқытушы болып жұмыс атқарған. Ал 2022 жылдан бастап Компьютерлік ғылымдар кафедрасының оқу, әдістемелік және тәрбие жұмыстары бойынша кафедра меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқаруда.

Жұбайы Алиби Сағымбекұлы екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. Ата-ананың бойындағы тәлім-тәрбие, еңбекқорлық пен адалдық, білімге, ғылымға деген құштарлық балаларына дарып, бұл отбасында бақ пен береке орнаған. Олардың әр жетістігіне ана жүрегі қуанып, әке көңілі ризашылық білдіріп отырады. Өмір жолында мансап пен міндетті, қызмет пен отбасын қатар алып жүріп, бірде құлап, бірде сүрінсе де қарапайым, байсалды қалпынан таймайтын, қайсар, ақылды әйел, танысқан әрбір жанның жүрегіне жылы шуақ төгетін Меруерт Жұмабекқызының өмір белестері осындай.

Әрі оқушыларының жанына ұлт намысы, ел мүддесі деген киелі ұғымдарды ұялата отырып, білім беру – ХХІ ғасыр мұғалімдерінің еншісінде тұр.

Гүлнұр АЛТЫНБЕКОВА,

аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Сарысу ауданы