Оқу жылына дайындық ойдағыдай ма?

«Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ақпарат алаңында «2022-2023 оқу жылының қорытындысы, оқушыларды жалпыға бірдей міндетті орта біліммен қамту, жазғы сауықтыру, білім беру ұйымдарының күрделі жөндеуі» тақырыбында баспасөз- конференциясы өтті. Баспасөз конференциясына облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдын Досыбаева қатысты.

2022-2023 оқу жылында облыстағы 382 орта мектептің 370- інде 11 сыныпты 12115 оқушы, мемлекеттік мектептерді 10437, жекеменшік бітірді. Жалпы, қорытынды бойынша 12085 түлек жалпы орта білім туралы аттестат алған. Ал, 305 мектеп бітіруші «Алтын белгі» алса, 11-сыныпты бітірген 852 және 9-сыныпты бітірген 1611 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері болды.

2023 жылы жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен жекелеген санаттағы отбасынан шыққан 48 671 оқушыны әлеуметтік қолдауға 5,9 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде, тамақтандыруға 3 545 871,0 мың теңге, киім-кешекке 1 974 436 мың теңге, жазғы сауықтыру демалысын өткізуге 351 283,0 мың теңге бөлінген.

Білім бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, облыс мектептерінде 2021 жылдан бері киім-кешекке бөлінген қаржы ата-аналардың шоттарына аударылуда. Себебі, алдыңғы жылдары аудандық білім бөлімдерінің мемлекеттік сатып алу арқылы берілген киімдердің сапасына байланысты ата-аналар наразылық білдіріпті.

Биыл мектеп формасына 48 671 балаға 40 567 теңгеден 1 миллиард 974 миллион 436 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. Сондай-ақ, жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен көмек көрсетіледі. 10 шілдедегі мәліметтер бойынша 8 қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде 7614 баланың 3760-і демалысқа жіберілген. Сонымен бірге, «Қазақстан халқы» қорынан демалатын облыстың 1400 баласының 1000-ы қала сыртындағы «Болашақ» лагерінде 7 маусымнан бастап кезең- кезеңмен демалуда.

– Осы жылы Жамбыл облысындағы «Казтрансгаз» АҚ жұмыскерлерінің 400 баласын Түркістан облысындағы «Машат» аумағында орналасқан «DREAM CAMP» балалар сауықтыру лагеріне демалысқа жіберуді бастады. Облыс бойынша 38 мектептен тыс мекемелерде жаздық бағдарлама бойынша 39 мың бала түрлі үйірмелерде шұғылдануда. 151 995 бала жазғы бағдарлама бойынша түрлі бағыттағы іс-шаралармен қамтылып отыр. 2023 жылға 17 білім нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,4 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бүгінде 17 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Айдын Досыбаева.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ