Жазғы демалыс – жақсы мүмкіндік

Жадыраған жаз да өтіп барады. Зымыраған уақыт- ай! Жаз күндері мұғалімдер де, оқушылар да бірнеше ай демалыс алады. Бұл демалысты ұзақ деп айтуға да болмайды. Себебі, жұмысбасты ұстаздар балаға көңілді жаз кезінде көбірек бөлетін секілді. Балаға мән беру, бүлдіршіннің ойымен санасу – өте қажет. Бала назар аударғанды қалайды.

Оқушылардың да жазғы демалысты өткізуі әртүрлі. Ауыл балаларына айтарымыз жоқ. Оларға бір күн тыным жоқ. Ерте оянады. Ата-аналарына көмек беру – міндет. Егістіктің басында да жүреді. Малға да қарайды. Салынып жатқан құрылысқа да көмектеседі. Бұл – дұрыс. Мұндай тындырымды, еңбеккеш оқушыларға риза болуға болады. Еңбекке ынталы баладан жаңа оқу жылы басталғанда зейінді оқушы шығады.

Ауылдағы ағамның 7-сыныпқа көшкен егіз ұл баласы бар. Қазір қарашаңырақта құрылыс жүріп жатқан. Әлгі егіздер таңмен таласа тұрып, құрылыстың басында жүр. Үлкен азаматтар көтеретін шелекті белі майыспай көтере береді. Жұмысқа шыныққан. Онысы өздері үшін жақсы. Жұмысты көп істегеннен ешкім зиян шекпейді.

Мәселе, қалалы жердің балаларында болып тұр. Олардың көбісі жаздай бос. Бос уақытын пайдаланып, спорттық үйірмелерге барып жатқандар бар. Домбыра, театр, шахмат, ән, би үйірмелеріне де қатысатындар жетерлік. Жазда қосымша оқыту сабақтарына барып, білімін жетілдіретіндер кездеседі. Бірақ, барлығы емес. Жаздың жайлы күндерін ұйқымен, серуенмен өткізетін бірқатар жасөспірімдер де бар. Солар бала күндердің, осы мүмкіндіктердің қайта оралмайтынын түсінсе ғой.

Жақында жас айтыскер Санжар Даярбекке жолығып қалдым. Алматыда Ұлттық университетте студент қой. Бірінші курсты бітірген. Жазғы демалысын пайдаланып түрік тілінің 45 күндік курсына барып жүр екен. «Бізді екінші курстың ортасынан бастап, Түркияға білім алу жолында тәжірибе алмасуға жібереді. Сол кезге дайындық жасап жүрмін», дейді. Анау жылы немере інім Рауан Жаңабай да жазғы демалысында 45 күн ағылшын тілі курсынан өтіп алған. Университетті бітірерде сол тіл білгенінің пайдасын әбден көрді.

Жазғы демалыстың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланғанның ұтары көп.

Есет ДОСАЛЫ