Халық қалаулысының іссапары
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Рустамқызы Наумова
Жамбыл облысына іссапары барысында Байзақ ауданында болды.
Мәжілісменді аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов қарсы алды. Халық қалаулысы іссапары барысында Байзақ аудандық орталық ауруханасының жұмысымен танысудан бастады. Орталық аурухананың бас дәрігері Жандос Рысқұлов үлгілік жобадағы үш қабатты аурухана 133 төсекке арналғанын, ондағы бөлімшелердің қазіргі таңдағы атқарып жатқан жұмыстарын, медицина саласы қызметкерлері мен диагностикалық емдеу қызметтері жөнінде баяндап берді.
Бұдан соң Динара Рустамқызы бастаған топ үй жағдайындағы тігін шеберханасын ұйымдастыру мақсатында «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба аясында 400 АЕК-ке дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант алған ІІ топ мүгедегі Гүлсара Уринбасарованың тігін шеберханасында болды. Гулсара Алмағамбетқызы мемлекеттік грант арқылы сатып алынған жабдықтарды көрсетіп, мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде жүргізіп жатқан жұмыстары жайында айтып берді.
Мәжіліс депутаты жұмыс сапарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ-ы Жамбыл облысы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Байзақ аудандық бөлімінің жұмысымен танысумен қорытындылады. Бөлім басшысы Кенен Момынов «Халыққа қызмет көрсету орталығы» «NEW CON» жобасын жүзеге асыру мақсатында жаңа ғимаратқа көшкенін, реестр бойынша мұнда 704 қызмет түрі көрсетілетінін атап өтті. Халық қалаулысы жергілікті тұрғындармен жүздесіп, пікір алмасты.
Байзақ ауданы әкімдігі