Аптап ыстықтың денсаулыққа зияны
Күн ысыған сәттен бастап, тершеңдік өрши түседі. Қанша жерден адамға жағымсыз әсер етсе де, бұл үрдіс адамның ағзасы үшін қажет. Ол ағза жұмысын бір қалыпқа келтіріп, денені салқындатуға әсер етеді. Дегенмен, тершеңдік қаншалықты пайдалы болса, оның зияны да соншалықты. Термен бірге денеден тек сұйықтық қана емес, пайдалы тұз бен минерал да шығады. Соның ішінде, зат алмасу үрдісіне пайдалы калий мен магнийдің шайылуы байқалады. Адам күн ыстықта белсенді қимылдаған сайын 5-6 литр сұйықтықтан айырылады. Минералдардың азаюы бас ауруы мен әлсіздікке алып келеді.
Күннің ыстығы тек адамның физикалық жағдайына ғана емес, психикалық денсаулығына да әсер етеді. Ғалымдар ауа температурасы көтерілген кезде адамның ашушаңдық деңгейі де артады дегенді дәлелдеген.
Одан бөлек, жоғары температура әр адамға әртүрлі әсер етеді. Бірінің бойында адреналин гормоны көбірек бөлінеді, сәйкесінше белсенді бола түседі. Ал, кейбіреуінде керісінше ноадреналин гормоны артады. Ол баяу қимылдап, асықпай ойланады әрі ұйқы маза бермейді.
Мамандар күн ыстықта денсаулықты қалай сақтауға болатындығын былайша түсіндіреді:
Сұйықтықты көбірек тұтыну: тек қана су емес, аздаған қантты шырын, шай, компот. Ал, алкогольді өнімдерден аулақ болған жөн. Сонымен қатар, жеңіл әрі кең киім киген дұрыс дейді. Синтетика материалынан мүлдем бас тартқан жөн.
Жанар Оспанова