ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ГҮЛДАРА НҰРЫМОВА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН САРЫСУ АУДАНЫНА КЕЛДІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Сарысу ауданында жұмыс сапарымен болып, тұрғындармен кездесіп, елді мекендердегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен «Аманат» партиясының Сарысу аудандық филиалының ғимаратында азаматтармен қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға тұрғын үй, жалақыны көбейту, алимент борышкерлеріне шара қолдану, сайлау бойынша ұсыныстар мен спорт мектебіне күрделі жөндеу жүргізу мәселелерін қозғады.

Іссапар «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені ұжымымен кездесумен жалғасып, жұмысшылар тарапынан біраз мәселелер көтерілді. Мәселен, темір жол арқылы жүзеге асатын жолаушы және жүк тасымалын кеңейту, осы арқылы Жаңатас пен Түркістан облысы арасындағы байланысты нығайту, жұмысшыларға қосымша қаржы төлеу жағын қарастыру, Жаңатас қаласына МРТ, КТ орнату, зауыт жұмысшыларына жеңілдіктер қарастыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Гүлдара Алданышқызы орталық қазандықтың жұмысымен танысып, біраз мәселені депутаттық сауалмен жолдайтынын жеткізді.
Сапар барысында Түркістан ауылдық округіне қарасты Үшбас елді мекенінде болған Гүлдара Алданышқызы ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Шағалалы елді мекеніне барып, биылғы жылы жүргізіліп жатқан газ желісін және ауыз су жүйесін тарту жұмыстарының барысымен танысты.
Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан игілікті шараларға ризашылығын білдірген ауылдықтар Талас өзені суының сарысулықтар үшін маңыздылығын айтып, ауылдарды сумен қамтамасыз ету мақсатында Талас ауданымен ортақ жұмысты жүйелендіруге ықпал етуін сұрады.
Гүлдара Алданышқызы ауданда жүзеге асырылып жатқан жобаларға оң бағасын беріп, сапалы әрі уақтылы атқарылуын тапсырды. Тұрғындар тарапынан айтылған талап-тілектердің бақылауда болатынын айтып, бұдан әрі нәтижелі жұмыстар атқаруға тілектестігін білдірді.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі