САРЫСУДАН ШЫҚҚАН ГЕНЕРАЛ

Қазыналы Қаратаудың қойнауынан, шежірелі Сарысу топырағынан нәр алған жерлесіміз, заң ғылымдарының профессоры, генерал-майор, КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсеновтың туғанына биыл 100 жыл толады.
Заңгер ғалым, жан-жақты білім иесі ретінде Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсенов Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал.

Ол заңды түрде еліміздің даңқты да көрнекті адамдарының қатарына жатады.
Бейсенов Бәрімбек аға Қазақстанның ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағындағы одақтас республикаларының құқық қорғау органдарына кадрлар даярлау үшін жоғары ведомстволық білім негіздерін құруға өлшеусіз үлес қосты.
Оның қайталанбас жарқын өмірі, кәсіби шыңдалу кезеңдері – нағыз өмір кітабы, кәсіби борыш пен биік талапқа адал қызмет етудің үлгісі.
Бейсенов Бәрімбек Сәрсенұлы 1923 жылы 11 желтоқсанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген.
1942 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, Гомель жаяу әскер училищесінің курсын бітіріп, өз еркімен әскерге аттанады. 1943 жылдың қыркүйегінде 1-ші Украина майданының 3-ші танк армиясы құрамында ұрысқа аттанды. 1945 жылы 9 мамырда Прагада соғысты аяқтаған. Бірнеше рет жараланып, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және т.б. медальдармен марапатталған.
1952 жылы Алматы мемлекеттік заң институтын бітіргеннен кейін Алматы қалалық прокуратурасының тергеушісі, аға тергеушісі және прокурорының көмекшісі қызметтерін атқарған.
1957-1960 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институтының аспирантурасында оқыған. 1960-1964 жылдары КСРО –ның Мәскеу жоғары мектебінің Алматы бөлімшесінде доцент болып қызмет етті. 1963 жылы «Кеңестік қылмыстық құқық» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған. Заң ғылымдарының кандидаты. 1964-1969 жылдары Қазақ Мемлекеттік Университетінде доцент, проректор қызметтерін атқарған.
Бәрімбек Сәрсенұлының тамаша ұйымдастырушылық қабілетін, педагогикалық тәжірибесін және ғылыми-зерттеу қызметіне үлкен қызығушылығын ескере отырып, оған Қарағандыда КСРО Ішкі істер министрлігінің алғашқы мамандандырылған жоғары оқу орнын құру тапсырылды.
Ол КСРО Ішкі істер министрлігінің Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Қарағанды жоғары милиция мектебінің негізін қалаушылардың бірі әрі бірегейі және бірінші бастығы болды.
1969 жылдан 1985 жылға дейін осы оқу орнында басшы болып қызмет етті.
Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарынан кадрлар орналастырып, мектептің материалдық-техникалық базасын іс жүзінде нөлден бастап тұрғызды.
Бәрімбек аға қылмыстық құқықтың білгір маманы, теоретигі ретінде Ішкі Істер Министрлігінің, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Конституциялық сот орындарының ғылыми-консультативтік Кеңесінің тұрақты мүшесі, Заң қызметкерлерінің Республикалық ассоциациясының вице-президенті болды.
Қазақстан Республиканың Қылмыстық Кодексін жасауға қатысты.
Жемісті еңбегі мен ішкі істер органдарына білікті мамандар даярлаудағы табыстары үшін Бәрімбек Сәрсенұлы «Халықтар достығы» орденімен, 13 медальмен, Қазақ КСР және Қырғыз КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен, «Еңбек белгісі», «КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері» белгісімен марапатталған.
Мемлекет Бейсенов Бәрімбек Сәрсенұлының Қарағанды жоғары милиция мектебінің құрылуы мен дамуына, ішкі істер органдарына жоғары білікті офицерлер даярлауға қосқан үлесін жоғары бағалап, 2001 жылғы 24 шілдедегі ҚР Үкіметінің Қаулысымен осы оқу орнына – Қарағанды жоғары милиция мектебіне оның есімін берді.
Қазір Б.С. Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясы Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады.

А.Тілемісов
Сарысу ауданы