Бір көзді ана   

Ескермейтін даланың дауылын да

Елемейтін сырнайлы сауығын да.

Бір көзді ана болыпты баяғыда

Бір баласы жүретін бауырында.

Бір күні мектеп жақтан хабарласты.

Жаныңа жина деді адал досты.

Ержетіп, еркелікті тастаған соң

Баласы бастауышқа қадам басты.

Жұрттан бөлек болғасын ішкі өлшемі

Көп адамның көзіне түспеуші еді

Баласы оқып жүрген сол мектепте

Анасы аспазшы боп істеуші еді.

Ақша, қызмет өмірдің әбігері

Жұмыс жұмсақ қарамас нарық еді

Аздаған үзілісті пайдаланып

Баласын көру үшін барып еді.

Сыныбының есігін сұрап ашты

Соқырдың сөзіне кім құлақ асты.

Анасын көрген кезде өз баласы

Танымайтын адамдай тұра қашты.

Бала сонда сөз айтты ей Анам деп,

Мен мынаны ойыма жиі алам деп.

Достарымның алдында ана сенің

Бір көзді болғаныңа ұялам деп.

Ұялғаны рас еді ол баланың

Қорлық санап ананың қолдағанын.

Сенің бұлай ұялтып жүргеніңнен

Жақсы деді өмірде болмағаның.

Жылдар жылжып баласы оннан асты

Жиырмаға кеп шаруасы алға басты.

Оқуын да аяқтап ойдағыдай

Қалаға кеп жұмысқа орналасты.

Байлық болса баланың төңірегі

Енді несін ауылға шегінеді.

Анасын сағынғаны былай тұрсын

Есіне алуға да ерінеді.

Өткізіп талай-талай күз-көктемді.

Сүйген қызбен сүйікті қызметке енді

Бір күні туған ұлын көру үшін

Анасы алыс жолдан іздеп келді.

«Ана көңілі балада» деген осы

Ескексіз жүзе алмайды кеме көші.

Бір көзді кейуананы көре сала

Мазақтап күліп жатыр немересі.

Өгейлік танытқандай өз анаңа

Кемпірге қарап тұрды көзі алара.

Шошытпай балаларды бұл қаладан

Көзіңді жоғалт деді тез арада!

Жүздесу болмаса да өте нәрлі

Баласы отбасымен жеке қалды.

«Ғафу ет мекен-жайдан жаңылдым» деп,

Анасы бұрылды да кете барды.

Еске түсіп ауылда от жарғаны

Баласы ерттеп мініп ат-жорғаны.

Түлектердің болад(ы) деп кездесуі

Ауылдан сыныптасы хат жолдады.

Барып ед(і) қарсы алмады дос түйіле

Тоқтаусыз айтып жатыр тосты үйіре.

Аяқ асты өткен күн еске түсіп

Жол-жөнекей соғады ескі үйіне.

Көршілері ойлады ұры ма деп,

Өйткені көрсетпепті бұрын әдеп.

Анасы қайтыс бопты, өлер кезде

Хат қалдырып кетіпті ұлыма деп.

«Сүйікті ұлым, кешірші өтінемін

Шертілмей шерге толды көкірегім.

Ұятқа қалдырып ем бұрын сені

Сол үшін өмір бойы өкінемін.

Тіледім тірлігіңнен шер қайтқанын

Дұрыс-ау ақиқатын енді айтқаным

Не үшін соқыр болдың деп сұрамадың

Не үшін соқыр болдым деп мен де айтпадым.

Жалғандықтың тұрақтар тұсына кім

Сен үшін өз-өзімнен қысыламын.

Ойнап жүріп, оқыста тентек ұлым

Жан ауыртар жағдайға ұшырадың.

Балапан ең қанатын қомдамаған

Сәйгүлігім сүрінді жолда жаман.

Анаңның да жүрегін алаңдатып

Бір көзден айырылдың сонда балам.

Сонда сені орныма қойып көрдім

Бақытты болар жанға лайық көрдім.

Баламның екі көзі тең көрсін деп

Сен үшін бір көзімді ойып бердім.

Кешірсең, кешіре гөр балам мені

Басынан өткізбеді анаң нені.

Сен үшін бір көзімді құрбан қылып

Соқырдың күйін кештім содан бері….»

Аналардың қадірін білсін кімдер

Анасыз өтіп кеткен құрсын күндер.

Бір көзі, бір аяғы болмаса да

Ананы кемсітпеңдер, күрсінбеңдер.

Мүшесі мүгедек боп қалсадағы

Бастысы арамызда жүрсін деңдер.

©РАУАН ҚАЙДАР