ЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫКӘСІПКЕРЛІКЭКОНОМИКА Алуан түрлі көкөністер алаңы

«Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегенді ауыл тұрғындары қазір түсіне бастаған. Сол себепті есігінің алдындағы бақшалығын көгертуге күш салғандар қатары көбейіп келеді. Солардың қатарында Екпінді ауылында есік алдында бау-бақша өсіріп, нәсіп тауып отырған Нүсіпбаевтар әулеті бар. «Жақсыны көрмекке» демекші, Меркі ауданы әкімі Жорабек Баубеков аталған әулетке атбасын бұрып, арнайы көрді.

Үй иелері – жоғары білімді инженер-механик, бұл күндері жүргізуші Мелісбек Нүсіпбаев пен №22 ЖОББМ-нің мұғалімі Салтанат Жүнгібаева екі ұл мен төрт қыз өсіріп отырған Екпіндідегі ұлағатты отбасылардың бірі. Олай айтудың өзіндік жөні де бар. Себебі, Мелісбектің әкесі Шәмші ата жарықтық (Шәмшідін ақсақалды осылай атайтынбыз) өз заманында көпті көрген, озық ойлы, салиқалы кісі еді.

Жалпы алаңы 2000 шаршы метрді алып жатқан үй іргесіндегі бақшаға жақындадық. Бақшалық басында ине шаншитын жер жоқ, бәрі көгеріп тұр. «Алақандай» жер деуге келетін алқапта 3000 түп «Черный принц», «Чизанно» сұрыпты құлпынай түрлері, 700 түп қар түскенше өнім беретін польшалық таңқурай мен 200 түп қарақат, 100 түп жеміс ағаштары, 50 түп түркиялық жаңғақ көшеті, бірнеше түп жүзім, сонымен қатар, қияр мен қызанақ, сарымсақ және тағы басқа дақылдар бар. Оларды суару жағынан да Мелісбек үздік шығып, «бір оқпен екі қоянды атуға» машықтаныпты. Мелісбек 14 текше метрлік кәдуілгі бассейнді өрлеу тұсқа орнатқан. Күндіз бала-шағасы жылы суға түсіп, мәз болып шомылса, кешке әлгі бассейн заманауи тамшылатып суару әдісімен біз айтқан алқапқа нәр береді.

Мелісбек Шәмшідінұлы: «Келер жылы биогумус тыңайтқышын пайдалану ойымызда бар. Ол мол өнімге кепіл болмақ. Жыл өткен сайын Мұқағали, Иманғали, Қырмызы мен Ұлдана атты ұл- қыздарымыз да осы іске мойын бұрып, жанымызда жүреді. Осылайша, отбасымызбен көкөніс өсірушілер атанып жатырмыз», дейді.

Аудан әкімі осынау үлгілі жұмысқа ризашылығын білдіріп, бұл істі өзге елді мекендерге үлгі ретінде таратуға болады деп бағалады.

Әлихан НҰРАЛИЕВ,
журналист.
Меркі ауданым