Берешек қылатын бес қателік
Балалық шақтың бейқам әлемінен ересек өмірге көшу жастар үшін әрдайым ауыртпалықсыз бола бермейді. Әсіресе үлкен өмірге қадам басқан жастар қаржы мәселесіне келгенде көп кедергілерге, қиындықтарға тап болып жатады.
Ең бірінші қателік – бюджетті тиімсіз жоспарлау. Жастар ақшаны үнемдеу немесе кейінге қалдыру туралы аз ойлайды. Мәселен, шәкіртақысын немесе жалақысын бірнеше күнде жұмсап тастап, сөйтіп, айдың соңына дейін қиналып жүруі мүмкін. Бұл көбінесе бюджетті тиімсіз жоспарлаудың салдары. Сондықтан жастарға, әсіресе студенттерге, ең алдымен, өз шығыстарын бақылауды үйрену керек. Жеке қаражатыңызды бақылау – тиімді жинақтауға, ұтымды жұмсауға және жақсы өмір сүруге жасалған алғашқы қадам.
Екінші қателік – табысынан артық жұмсау. Жалпы жастар тауарлар мен қызметтерді белсенді тұтынушылар қатарында. Жалт-жұлт еткен жарнама, әртүрлі маркетингтік амалдар жастарды трендте болуға және соңғы үлгідегі гаджеттер, бренд дүниелер сатып алуға, танымал мекемелерде уақыт өткізуге итермелейді. Ақша жетіспегендіктен жастар көбінесе тұтынушылық кредиттер алу арқылы қарызға өмір сүреді. Осы орайда қарыз рәсімдемес бұрын сізге бұл шынымен қажет пе, өзіңізге жауапты қаржылық міндеттеме жүктеуге дайынсыз ба, осыны ойлаңыз. Жеке бюджетіңізге қосымша ауыртпалық түсірмеуге тырысыңыз. Еліктіретін жарнамаға ермеңіз. Ешбір жағдайда бұрын алған кредитіңізді өтеу үшін жаңа кредит алудың қажеті жоқ.
Үшінші қателік – резервтік қордың болмауы. Егер әрбір адам жеке резервтік қорды қалыптастыруға жастайынан дағдыланса, онда болашақта өзін күтпеген қаржылық қиындықтардан қорғай алады.
Төртінші қателік – нақты мақсаттардың болмауы. Жастар көп жағдайда саяхаттауды немесе өз бизнесін ашуды армандайды. Алайда армандар жүзеге асуы үшін алдымен қаржылық жоспар құру керек. Қағазға немесе гаджеттегі қосымшаға өз мақсатыңызды және оған қол жеткізу тәсілдерін жазып, нақты мерзімдерін көрсетуді ұмытпаңыз. Бәлкім, бастапқы кезеңдерде бәрі сіз ойлағандай болмауы мүмкін. Алайда тәртіптік тәсіл қолдансаңыз, сіз өз арманыңызға бір қадам жақындайсыз. Мақсатыңызды іске асыруға қатысты егжей-тегжейлі жоспар құрып, оған қол жеткізу үшін ай сайын жинайтын соманы көрсетіңіз. Өз қаржылық мүмкіндіктеріңізді ескеруді ұмытпаңыз. Қаражат жинау барысында жаппай үнемдеу режимінен аулақ болыңыз. «Көрпеңе қарай көсілу» қағидатын естен шығармағаныңыз дұрыс.
Бесінші қателік – бір мезеттік табысқа сену. Қазіргі жастар сенгіштігінен және мұқияттылық танытпауынан алаяқтардың арбауына жиі түседі. Себебі жастарды қаржылық пирамидаларға тарту да оңайырақ. Алаяқтар жастарды өз қаржылық қулықтарына делдал ретінде тартуы мүмкін немесе олармен сенімгерлік қатынас орнатып, ортақ кәсіп ашуды немесе кірісі жоғары инвестициялық жобаға қатысуды ұсынуы мүмкін. Сондықтан кез келген ақпаратты үнемі тексеріп, барынша қырағылық танытыңыз.
Жас кезіңізде жасаған таңдауыңыз сіздің болашақтағы қаржылық әл-ауқатыңызға үлкен әсер етуі мүмкін. Жиырма жасыңызда ақшаны ойланбай жұмсап, кредит карталарын пайдаланып, төлемдердің мерзімін кешіктіріп, кредиттік тарихыңызды бүлдіріп алсаңыз, онда орта жасқа келгенде қарыздарыңыз «тау» болып жиналып қалады.
Бірақ егер сіз бюджетіңізді ұтымды жоспарлап, кірістеріңіз бен шығыстарыңыздың арасындағы тепе-теңдікті сақтап үйренсеңіз, онда болашағыңыз үшін алаңдап, уайымдамасаңыз да болады.
Нұрғиса НЕСІПБАЕВ,
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту агенттігінің
Тараз қалалық өңірлік өкілдер
басқармасының бас маманы