Жұлдызы жарасқан жуалылық жұптар

Жуырда Жуалы аудандық мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық конкурсының марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейтхан Жұмашев, Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нұрила Мәлібекова қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова алдымен байқаудың мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.
– Мемлекет басшысының салиқалы саясатын жүзеге асыру мақсатында осындай іс-шараларды өткізіп, отбасы құндылықтарын дәріптеу, рухани адамгершілік пен үлгі боларлық отбасының ел ішіндегі қамқорлығы, еңбегі, мейірімділігі, қайырымды істерін насихаттау – біздің парызымыз.
Сол себепті де бұл байқауға қатысушы отбасыларды біз бірінші, екінші, үшінші орын деп бөліп-жарған жоқпыз. Себебі өнегелі, үлгілі отбасының барлығын қандай марапат болса да лайықты деп есептейміз.
Сондықтан әр отбасының ерекшеліктерін саралай келіп, өзіне лайықты номинациямен марапаттауды жөн санадық. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген ұлы сөз бар. Сондықтан қашанда әрбір отбасының татулығы, бірлігі, жетістігі біз үшін, мемлекетіміз үшін өте маңызды, – деді Анар Садыққызы.
Қорытындысында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқаудың «Өнегелі отбасы» номинациясын түктібайлық Сұрымбаевтар отбасы иеленді. Бұл отбасыда отағасы Қанатбек Жамалбекұлы – «Дархан» шаруа қожалығының басшысы. Егін, малшаруашылығымен айналысып, ауданға ауылшаруашылығы саласының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан азамат. Ал ол кісінің жары Қаракөз Жамалбекқызы ұлағатты ұстаз, көпбалалы, «Алтын алқалы» ана.
«Парасатты отбасы» номинациясын иеленген қарабастаулық Әлмембетовтер отбасының қазыналы қариясы Әсия Жарылқасынқызы – екі ұл, екі қызынан 10 немере, 5 шөбере сүйіп отырған, сондай-ақ ауылының «әрі сот, әрі адвокаты» атанған дана қария. Ал ол кісінің ұлы Ғалым шағын шаруа қожалығының жетекшісі болса, келіні Дария – бастауыш сынып мұғалімі.
Ал Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары Мейрамбаевтар отбасы «Шуақты отбасы» номинациясын иеленді. Аталған отбасы 2 ұл, 7 қызды өмірге алып келіп, тәрбиелеп отыр. Сонымен қатар «Үлгілі отбасы» номинациясын шыңбұлақтық Үсібалиевтер отбасы иеленді. Бұл отбасында ерлі-зайыптылар Асхат пен Гауһар өздеріне Алланың берген перзенттерінен бөлек, өмірден озған аға-жеңгесінің төрт баласын бауырларына басып отыр. Ал қошқараталық Кенжебековтер отбасы «Қайырымды отбасы» номинациясын иеленді. Бұл отбасының отағасы Досмахамбет пен жары Ләззат сауапты істен шет қалмайтын, үнемі айналасына шапағатын шашып жүретін қайырымды, қамқор жандардың бірі.
Байқау жеңімпаздары аудан әкімінің арнайы дипломы мен бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Ar-Ay