БАҚ өкілдері қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлерінің жұмысымен танысты
Жаз – жарқын мезгіл. Бұл балалардың демалып, уақыттарын қызықты әрі көңілді өткізетін кезең. Оқу жылы аяқталысымен жазғы тынығу лагерлеріне асыққан оқушылардың лагерлердегі демалысы бүгінде төртінші маусымын аяқтауға жақын. Аймақтағы бүлдіршіндердің жазғы демалысымен таныстыру және кеңінен насихаттау мақсатында басқарма тарапынан БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-туры ұйымдастырылды. Алдымен, БАҚ өкілдеріне Қордай ауданында орналасқан мемлекеттік «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінің жұмысы таныстырылды. Бүгінгі күні, 300 орындық сауықтыру кешенінде 284 бала жазғы демалысын өткізуде. Аталған лагерь алдағы уақытта бесінші легтің балаларын қабылдайтын болады. Жазғы лагерьде 6 жатын корпусы, асхана, бассейн, жуынатын бөлме, монша, 2 спорттық алаң, жазғы эстрада және медпункт бар. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздік мәселесі де қатаң бақылауда. Қылқалам шеберлері кейіннен Жуалы ауданының «Тау самалы» сауықтыру кешеніндегі көңілді өтіп жатқан балалар демалысына куә болды. Мұнда бір легте 350 бала демалысын көңілді әрі пайдалы өткізе алады. 3 жатын корпустан тұратын лагерь ғимаратында жайлы жатын бөлмелер мен 5 уақыт тамақ мәзірі қарастырылған. Сондай-ақ, әр баланың қабілеттерін ашуға, жасөспірімдерде патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеуге бағытталған түрлі үйірмелер ұйымдастырылуда. Баспасөз-туры Жуалы ауданындағы «Берікқара» сауықтыру орталығымен аяқталды. Жалпы 7 га аумақты құрайтын аталмыш лагерь 500 баланы қамтуға қауқарлы. Балаларды танымдық және тағылымдық тұрғыдан дамытуға, жаз мезгіліндегі бос уақыттарын тиімді пайдалануға үлесін қосып отырған мекемеде, бүгінгі күні, Тараз қаласының және Сарысу ауданының бүлдіршіндері демалуда.
Жамбыл облысының білім басқармасы