Аудан әкімі бірқатар нысандардың жұмысына бақылау жүргізді
Бүгін Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев Құрық ауылындағы саябақтарды аяқтай аралап, ауыл әкіміне саябақтағы көріксіз өскен ағаштарды кесу, суаруды жүзеге асыру, әр саябаққа күтіп ұстаушы қызметкер бекітуді және ескі «КМНГР» ғимаратының жанындағы саябаққа тұрғындар үшін қолайлы абаттандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, ауыл тазалағын әрқашан бақылауда ұстау қажеттігі туралы баса айтып, ауыл әкіміне бірқатар тапсырмалар берді.
Айта кетейік, аталған нысандарды бұдан 2 ай бұрын аралап, бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бүгін сол тапсырмалардың орындалу барысын тексеріп, сын-ескертпелер де берді.
Мәселен, кәріз тазарту имараты және ауданда салынып жатқан мұражай құрылысының жұмыстары баяу жүріп жатыр, құрылыс басында адам саны аз екендігі айтылды.
Бұдан соң Құрық ауылында орнатылып жатқан ауылішілік жарықтандыру жұмыстарына барды. Жұмыстың барысы, қазіргі жай-күйі туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Аманбек Таңатов таныстырып, айтып өтті.
Жарықтандыру мәселесі бойынша барлық көшенің толықтай қамтылуын және «Автобаза», «Қазақ ауыл» көшелеріне баса назар аудару керегін атап айтып, тиісті бөлімге тапсырды.
Аудан әкімінің бүгінгі сапары кезінде әкім орынбасарлары, аппарат басшысы мен тиісті бөлім басшылары, ауыл әкімі және мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.