Бас Прокуратурада 2017 жылға арналған зерттеу тақырыптары бекітілді
Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ұлан Байжановтың төрағалық етуімен Академияның Ғылыми-әдістемелік кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Кеңес жұмысына Ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшелері – Парламент депутаттары Георгий Ким мен Василий Олейник, мемлекет қайраткері Оңалсын Жұмабеков, Бас прокуратура, ІІМ және өзге құқық қорғау құрылымдарының аппараттары мен кадрлық бөлімшелерінің басшылары, жетекші құқықтанушы ғалымдар қатысты.
Іс-шараны ашқан Ұлан Байжанов Мемлекет басшысының құқық қорғау жүйесінің алдына қойған міндеттерін іске асыру тұрғысында ғылыми-зерттеу ізденістерін жүргізу және бірыңғай ғылыми саясатты әзірлеу барлық күш құрылымдарының тиімділігін арттырудың міндетті шарты болып табылатынын атап өтті.
Отырыс барысында заңнаманы реформалау және құқықтық жүйені жаңғырту жағдайында ғылыми-зерттеу қызметін әрі қарай жетілдіру мәселесі жан-жақты талқыланды.
Қылмыстық жағдайдың өрбуін болжау, сонымен қатар тәжірибе талаптарын ескере отырып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің штаттық саны мен қызметтік жүктемесінің ғылыми негізделген нормативтерін әзірлеу бойынша зерттеулердің нәтижелері ерекше қызығушылық тудырды.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңес қызметін реттейтін ұйымдастырушылық құжаттар, сондай-ақ, 2017 жылға арналған іргелі және қолданбалы бірлескен зерттеулердің тақырыптары бекітілді.
Бас прокуратураның жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі