Менің әкем – ең жақсы адам
Бірінші сыныпқа барғанымда әкем сол мектепке басшылыққа келді. Сол кезден бастап, ауылдастарым, сыныптастарым мені «директордың қызы» деп атайтын болды. Бұл қаршадай ғана сары қыз үшін зор жауапкершілік жүктеді. Содан «директордың қызы» деген атқа лайық болуға тырыстым. Мектепте қандай үйірме бар, бәріне қатысып шықтым, баскетбол да, волейбол да ойнадық, мәдени шараларға белсене араластық. Ал, туған күн мен би кештеріне сұрануға болмайтын. Себебі, жібермейді. «Оқушылар саған қарап бой түзейді, үлгілі болуың керек, одан да сабағыңды оқы» деген жауап алатынмын. Бұдан жаман болған жоқпын. Мектепті үздік бітірдім.
Оқуда озат болу әкенің қанымен келген қасиетке байланысты болса керек. Әкем өте білімді еді. Ата-анасынан жастайынан айырылған әкемнің мойнында өзінен кейінгі іні- қарындастарын жетілдіру міндеті тұрды. Басқа түскен ауыртпашылыққа мойымай, мектепті үздік бітіріп шықты. Әке жолымен (атам да ұлағатты ұстаз, білікті басшы болған) Абай атындағы педагогикалық институтын қызыл дипломмен аяқтап, физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығын игерді.
Ұйымдастырушылық және іскерлік қабілетінің арқасында 24 жасында туған жері – Жақсылық ауылындағы орта мектепке директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Араға алты жыл салып, аудандағы ең жас мектеп директоры атанды. Қазіргі Т.Рысқұлов ауданындағы ұлы Абайдың есімін иеленген орта мектепті зейнетке шыққанша, табан аудармастан 31 жыл басқарды.
Әкем үшін отбасы мен мектеп егіз ұғым еді. Бала-шағасының тәрбиесі қаншалықты маңызды болса, шәкірттерінің жетістігі, ұлт тәрбиелейтін оқу ордасының алға дамуы да соншалықты құнды болды. Тіпті кейде мектепті отбасынан артық қоятын. Оған анам да, біз де түсіністікпен қарайтынбыз. Себебі, бүкіл халықтың баласына білім беретін мектептің жұмысы, ұрпақ тәрбиесі, әрине маңызды. Әлі есімде, 2003 жылы жер сілкініп, ауылдағы біраз үймен қатар мектеп те қирап қалған болатын. Жерасты дүмпуінен есін жияр-жимастан әкемнің мектепке қарай жүгіргені бар. Өз үйінің шаруасы бітпесе де, ала жаздай мектептің құрылысымен жүрді. Жанға жайлы жаңа мектеп бой көтерді.
Әкем үнемі ізденіс үстінде жүретін. Өзі де, мектеп мұғалімдері мен шәкірттері де облыстық, республикалық түрлі байқауларда топ жарды. Ұлт болашағын тәрбиелеу жолындағы еңбегі ақталып, ұлағатты ұстазға берілер бар марапатқа қол жеткізді.
Әкем өте еңбекқор адам еді. Бос уақытында гүл егіп, бақша баптайтын. Үйіміздің ауласы да, мектептің алды да гүлмен көмкеріліп, жеміс ағаштарымен жайқалып тұратын. Жасыл желекке бөленген мектеп облыс көлеміндегі «Үздік ауыл мектебі» байқауының жүлдегері де болды. Еңбекті, адалдық пен адамдықты алдыңғы қатарға қойған әкем бізді «Өз мамандығын шын сүйіп, бар ынта-жігермен еңбек еткен адам ғана жетістікке жетеді», – деп тәрбиеледі. Мен де өз кезегімде әке тәрбиесі мен маңдай терін ақтауға, «Директордың қызы» деген атқа лайық болуға тырысып жүрмін, папа!
Р.S. ҚР Білім беру саласының үздігі, 40 жылға жуық білім беру саласын дамытуға күш салған білікті басшы, елінің елеулі азаматы, жақындарының жанашыры, әулетінің арқа сүйер тірегі, асыл жар, ардақты әке, қимас бауыр, немере-жиендерге сүйікті ата Әбішев Айткен Жанықұлұлының дүниеден өткеніне де жылға жуықтады. Сұм ажал арамыздан алып кетпегенде әкеміз биыл 67 жасқа толар еді. Тағдырдың жазуына амал бар ма?! Енді оның артындағы ізгі ісі – шәкірттері мен ұрпағына мәңгі мұра болып қалмақ.
Гүлмира ӘБІШЕВА,
«Маңғыстау Медиа» медиа холдингінің директоры,
ҚР Журналистер Одағы Маңғыстау облысы филиалының төрағасы.