ҮШЖАҚТЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Талас ауданы әкімінің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Басқосуда ауданда қалыптасқан еңбек жағдайының ахуалы, жалақы қарызының алдын-алу, еңбек дауларын болдырмау, медициналық сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту, кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес субъектілерінде еңбекақы мөлшерінің көтерілуі, өндірістік процестерді тұрақтандыру бойынша меморандумдар жасау сондай-ақ, әлеуметтік төлемдер мәселесі қаралды.
Жиында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімдерінің, сондай-ақ тиісті мекеме басшылары баяндама жасап, қалыптасып отырған ахуалға тоқталды.
Нұрбол Жүнісбеков бөлім және кәсіпорын басшыларына нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Атап айтсақ, жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру, халықтың әлеуметтік тұрғыда қорғалуын ұйымдастыру бағытында жұмыстарды жандандыру, жалақының, әлеуметтік төлемдердің уақытылы төленуін қамтамасыз ету, жұмыскер еңбек міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру, еңбек дауларына жол бермеу, еңбек адамдарының құқығын қорғау тапсырылды.