ҚҰЛЫН МАХАББАТ
Ақтауда тұратын Нұрлыбек Мұсаев деген інім хабар салыпты. Анығы, оған бұл суреттегі ақпарды сонау Қарақалпақ елінің Бозатау ауданында тұратын танысы жолдаған. Еріксіз елең еткізді. Сонымен…
Алыстан ватцаппен байланысқан ақсақал ішкі тебіренісін жасыра алмапты. «Балам жеңіл көлігімен аудан орталығына асығып бара жатқан екен. Кəдімгі шаңы бұрқыраған даланың жайдақ жолы. Бір кезде құлдырыңдап шауып келген құлын көліктің алдын кес- кестей берген. Бала көлігінен түсіп, жолдан айдап салып, рөлге енді отыра бергенде əлгі тағы да көлденең тұрып алыпты.» Ақсақалдың бала деп отырғаны зіңгіттей жігіт, əрине. «Бір пəленің болғанын сезген балам өзін қақпайлай берген бурыл құлынның соңынан ере берген. Екі жүз метрдей жүрген соң шалшық су, ұйық батпаққа тіреліпті. Бажайлап қараса, батпаққа батып, жон арқасы мен тұмсығы ғана көрініп бие жатыр екен. Ол дереу шалшықты кешіп жылқының басын көтерген. Сол кезде жарықтық солқ еткізіп терең дем алыпты. Дереу жақын маңдағы тамыр- таныстарына телофон шала бастаған. Ұйық шетінде тұрған құлын бір түрлі сай-сүйегіңді сырқыратар дыбыс шығарумен болыпты-» дейді ақсақал дауыстық хабарламада.
Мұндай хабарды естіген адам төзіп жата алар ма? Бес- алты жігіт жетіп келіпті. Мал иелері де жанталаса жеткен. Биені күнде идіріп сауып жүрген келіншек келе құлынды құшақтап жылап жіберіпті. «Тайбурылым, жаным, жылама, анаң қазір тұрады,»- деп аймалапты. Сыртқа шығарылған бие аз-кем сұлық жатқан соң, басын көтеріп жан- жағына қарап құлынын іздей беріпті. Бəрі биені айналып малдас құрып отырған екен. Тайбурылдың иесі— əлгі келіншек құтқарушы жігіттің қолын алып алғысын жаудырып жатқанда қызық оқиға жүз беріпті. Ақсақал айтады: «Біздің бала келіншектің арқасынан қағып жұбата бергенде, иығынан біреу түрткендей болыпты. Жалт қараса, құлын оның иығын тұмсығымен сипалап тұрыпты. Мұны көрген сол жердегі жиналғандар түгел көздеріне жас алған. Адамдарға мына заманда осындай мейірім шапағат бере гөр!» деп сөз түйіпті ақсақал.
Анасымен шұрқырап табысқан Тайбурылдың махаббатын тілмен жеткізу қиын. Сау бол, Тайбурыл, бағып — қағып аялайтын Құртқа анаң да, енең де енді жаныңда.
© Адилов Калбай