ӘКЕҢ СЕНІҢ ЖАҚСЫ АДАМ ЕДІ……….

Естір құлақ болса, елдің ішінде, есті әңгіме көп қой шіркін. Пенде байғұстың көже қарны тойғанмен, көңіл қарны тоймайды екен көп жағдайда. Көже қарынның азығы бір тостаған ауқат болса, көңіл қарынның қорегі ғибратқа толы жақсы әңгіме.

Бүгінгі досымыздың дастарханынан көңіл қарнымыз тойып, бір марқайып қайттық. Төбе бидей, төрде отырып, бата берген ағамыз әңгіменің тиегін ағытады екен, ауызымыз ашылып тыңдаумен болдық.

Кеңес өкіметінің тұсы, мектепті жақсы бітіріп, арман қуып Алматыға оқуға түскен тұсым. Бұрын соңды ауылдан шықпаған қойшының баласымын. Алматыда арқа сүйеп баратын ағайында, табан тіреп баратын туысқанымда жоқ.

Соқыр тауыққа бәрі бидай демекші. Барымызда, нарымызда ауылдасымыз Нарымбет ағай. Ағай Алматының белді бір институтында сабақ береді, аға оқытушы. Студент байғұсқа қашан степендия жетіп еді. Ауылдан кейде посылка да кешігеді. Қарнымыз ашқанда жатаханада жанымызды қоярға жер таппай, қарыз сұрауға Нарымбет ағаның үйіне тартамыз.

Келесі степендияға дейін он сом, он бес сом қарыз аламыз. Ешқашан жоқ деген емес, қолымды құр қайтармайды. Кедейдің бір тойғаны байығаны-демекші, ағайдың үйінен қанжығамыз майланып, бір тойып қайтамыз.

Кейде жатаханаға іздеп келіп, жағдайымды сұрайды. Қолыма бес-он сом қыстырып кетеді. Алмаймын десем де қоймайды. Ағайыннан көрмеген жақсылықты, ауылдас ағамнан көрдім осылай.

Оқу бітіріп, үйленіп, жұмысқа тұрып, бір бөлмелі, үй алғанымда Нарымбет ағам жеңешеммен құтты болсын айтып келді. Үйге көрімдікке бақандай жүз сом берді. Ол кезде жүз сом бір адамның айлығы.

— Аға ренжімеңіз, алмақтыңда, салмағы бар бұл көрімдігіңізді алмаймын. Сіздің маған өткізіп қойғаныңыз көп. Мен Сізге өмір бақи қарыздармын. Мына берген қомақты қаржыңызды мен мойныма қарыз қылмайын, бұл ақшаның қарымтасын мен Сізге әзір қайтара алмаймын-дедім.

— Бауырым бұл қарыз емес, жас жанұяға шын көңіліммен берген ағалық ықыласым айналайын. Алланың алдында да, адамның алдында да қарыз емессің.

Іштей ағама қарыз едім-деп қымсынсаң, оны өтеудің бір жолын айтайын саған бауырым. Білесің ғой біздің үйде бір жүгермек, жалғыз ініңнің өсіп келе жатқанын.

— Ертең мен өлсем, сол ініңді көргенде;” Сенің әкең жақсы адам еді”- деп бір ауыз айтшы деп ағам маған қарап, сәл жымиды.

Көп ұзамай Нарымбет ағай дүниеден өтті. Жалғыз ұлы әкеден жастай қалды. Інімді көрген сайын әкесінің жақсы адам болғанын есіне салам.

Бүгінде, Нарымбет ағаның артында қалған, жалғыз ұлы үлкен жігіт болып өсті, елге сыйлы азамат.

Мені көрген сайын, Аға Сіздің “Сенің әкең жақсы адам еді”-деген сөзіңіз жаныма қуат берді. Әкем жақсы болғанда, мен қалай жаман боламын-деп жақсы болуға тырыстым- деп інім ағынан жарылады.

“Жақсылық жасада теңізге таста. Балық білмесе де, Халық біледі”- деген рас. Жақсы әкенің шарапаты, балаға қырық жыл азық деген осы ағайын.

Бүгінгі адам өзінен артылмай қалды. Өзге түгілі, өзінің ағайынына қараспайды. Қарыз бермейді, қолқабыс жасамайды. Бұл жақсы үрдіс емес.

Жақсы адам еді-деген сөзді жаныныңыз қаласа жақындарыңызға жақсылық жасаңыз. Жақсы адамның етек-жеңі кең болады, ақіретте сахилармен терезесі тең болады…………

МАҚСАТ СҚАҚОВ.