Балаңыз өзіңізге бойсұнбай бара жатса…
Кім көрінген өзара сырлас бола бермейді. Ата-ананың өзі баласымен сырлас бола алмайды. Ал баласымен сырлас болғанда олардың арасындағы сүйіспеншілік еселеп арта түседі. Балалар неге өз отбасынан тыс ересек адамдармен қарым-қатынас жасауды ұнатады? Өйткені қонаққа келген кісілер оларға көбінесе замандас тұрғысанан сұрақтар қойып, әзілдеп жатады. Бала мұндай күйді өз отбасындағы адамдармен қатынаста айтарлықтай сезіне алмайды. Ондай қарым-қатынас тым сирек.
Кейбір ата-аналар балаларына бейне жоғарыдан төменге қарағанындай мәміледе болады. Баласынан не ойлап жүргенімен шаруасы бола бермейді. Ата-ананікі мәңгі дұрыс, баланікі ылғи қатеге шығарылады. Бұл баланың жүрегіндегі ата-анаға деген құрметке дақ түсіреді, іштей ерегіс бой көтереді. Дұрысы, ата-аналар өздерін балалармен тең орынға қойып олармен сырласу керек. Сонда ғана бала сізге сенетін, айтқаныңа иланатын болады.
Алайда, күнделікті өмірде ата-ананың балаға құрметі жеткілікті болмайтындығын, сонымен қатар өзара сенім орнату тым әлсіз. Балаңыз өзіңізге бойсұнбай бара жатқанын байқасаңыз, өзара түсіністіктің тым әлсірегені деп біліңіз. Енді оған кәдімгідей адал, сенімді позицияны сақтауыңыз. Оның келешекте мұндай кінәраттарды өзгертетініне және жеңе алатындағына іштей сеніңіз. Баланың сеніміне ие болдыратын қасиет: адал ниет, шынайы сөз, әрекет. Балаңыз тіпті «өлім» туралы сұрап қалса да шынайы жауап беріңіз.
Баланың мәселеге жолыққанда ата-ананы іздеп ақыл салуы ата-анасына деген сенімінің белгісі емес пе?! Ол ата-ананы сырлас досына балауы болып табылады. Өйткені бала сіздің өзіне сенетіңізді, қанағаттанарлықтай жауап беретініңізді біледі. Осылай болғанда бала өзінің көңілдегі құпиясын бүкпесіз ашып береді. Сенімінің жерде қалмайтынына сенеді.
Және бір ескеретін жайт, сөзсіз орындауға кепілдік бере алатын істер болмаса балаға албаты уәде бермеңіз. Бала қашанда үлкендердің уәдесін серт деп қабылдайды. Уәдеңіз орындалмаса балаңыздың сізге деген сенімсіздігі басталады, ұлғаяды. Бала «өтірік айтып тұрған жоқсың ба?» деген сөзді айтпаған дұрыс. Өйткені бала көңілінде сіздің оған деген сеніміңізге күдік пайда болады. Күдікті көңілді ізгі, адал ниет қана сенімділікке жетелемек.
Баланың сырлас досы болу үшін ата-аналар тағы да мына талаптарды орындағаны жөн:
Адал сөйлеу. Мысалы, қызметіңізді дұрыс істей алмаған кездегі торыққаныңызды, қалай әрекет еткеніңіді әңгімелеуіңізге болады. Егер балаға қатты ренжіген болсаңыз оны тіке айту жасырып-жапқаннан, ұрып-соққаннан әлдеқайда пайдалы.
Кемшілікті мойындау. Бала тәрбиесінде қателіктің туылуынан сақтану қиын әрине. Алайда, орны толмайтын ағаттыққа барудан қатты абай болу керек. Мұнда жұмсақтықпен түсіндіру және ата-ана өздерінен кеткен кемшілікті мойындау өте жақсы нәтиже береді. Балада «ата-анам қателік өткізбейді» немесе «ата-анам өз қателерін өмірі мойындамайды» деген түсінік қалыптаспау керек. Берген уәдесін орындай алмай қалған жағдайда да баласынан кешірім сұрауыңыз оның өзіне деген сенімділігін арттырады және ол қатенің себебін іздеу талпынысы туады.
Бір қалыпты болу. Баланың ата-анаға сенімінің негізі – балаға біркелкі, тұрақты мінезбен қарауда. Бұл баланың сізге сенімінің басты негізі. Қатты қуанғанда баланы еркелетіп, көңілсіздік туыла қалса жекіп, ұрсып кері ысыра салу баланы жаутаңкөз етеді. Алаңсыздық – бала мінезінің тұрақты дамуына негізгі себеп.
Қысқасы, ата-ана мен баланың қатынасы қожайын мен құлдың қатынасы емес, бірін-бірі құрметтейтін, бір-біріне қамқорлық жасайтын, сенетін достық қатынас болғаны абзал. Баланы құрметтеу, түсіну, өзара аялау, өзара қанық болу керек. Сонда ғана баланың сенімі мен достығына ие бола аламыз.
Дайындаған Ұларбек Нұрғалымұлы