БАЛАҢДЫ АЯСАҢ………
“Балаңды аясаң, АЯМА”-деген сөз бар қазақта. Мақалды білгенмен, мағынасына терең үңіле бермейді екенбіз. Жақында бір ағамыздың мерейтойында бірнеше үлкен кісілермен дастархандас болып қалдық.
Кеш соңында апаларымыз бір-біріне, бір такси жалдайық-деп айтып жатыр екен. Ішінде бір апамыз, бір апамызға: “Сенің балаңның көлігі бар емес пе? Шақырсай-десе.
Ол баласын шомылдырып жатқан шығар. Мүмкін ұйықтап қалған болар. Таңертең жұмысқа бару керек”-деген түрлі сылтаулар айтып ақталып кетсе бола ма?
Менің ойымша ол бала ресторанның астында анасын күтіп отыру керек еді. Анасына қайта-қайта телефон шалып:”Қашан шығасыздар, қашан келейін”- деп звандап тұру, ол баланың міндеті болатын.
Біреуден кінә іздеп, айыптаудан аулақпын әрине. Осы оқиғадан кейінгі түйген ойым. Кінә өзімізде екен. Баланы жас кезінен жұмсап үйретпейміз, аяймыз. Ұйықтасын, оқысын, жатсын-деп жұмсамай әбден жаман үйретеміз. Еті өліп кеткен соң, баламызға көңіл бөлмейсің-деп ренжиміз.
Балаларымыздың әркез есіне салатын жағдайлар:”Біз қай сапардан жол жүріп келмейік, жылдың қай мезгілі болмасын, 24-7 күтіп алу міндетің. Той-томалақтан алып кету, апарып тастау перзенттік парызың-деп айтып отырып, қанына сіңіруіміз керек. Далақтап өзіміз шаба бермей, әсіресе аналар.
Әке-шешесіне қызмет етіп әдеттенген бала, ең әдепті бала. Ата-ананың разылығы, Алланың разылығында. Атаңа не істесең алдыңа сол келеді.
Сико досым айтады, үйде шеттей баламыз. Әркімнің өз міндеті бар. Інім екеуміздің міндетіміз, екі шақырымдай жерден флягпен су тасып, ыдыстарды толтырып қою.
Ойын баласымыз, ойынның қызығымен бір күні су тасуды ұмытып кетіппіз. Әкем түн ортасында, түнгі сменадан келеді. Жуынайын десе су жоқ. Ұрғанда жоқ, ұрысқанда жоқ жәй келіп інім екеумізді оятты.
Артық әңгімесі жоқ, әкеміз жарықтық өте сұсты адам еді. Біз бірден тұрып, флягымызды сүйретіп суға тайдық. Сол түні әкеміз бізге өмірлік сабақ берді. Міндетіңді ұмытпа. Міндетіңді орындау, әдетіңе айналғанда, өмір сүру өзіңе жеңіл болады.
Былтыр Асхат досыммен бірге құдалықта отырмыз. Әкесі Аппаз аға елге қызмет еткен, өте абыройлы, ауызы дуалы ақсақал. Досым әкесіне алаңдап отыр:” Дәрісін уақытылы ішті ме екен? Желдеткіштің астына отырып қалған жоқ па екен? Көңіл күйі қалай екен-деп.
Досымның осы қасиетіне іштей тәнті болдым. Баласы Мұхтар да өзіне ұқсаған, елгезек бала болып өсіп келе жатыр. Тәрбие тал бесіктен-деген осы ағайын.
Сіз не айтасыз?……….
МАҚСАТ СҚАҚОВ.