ҚОҢЫР КҮМБІР

Қымызханаға жиналған көпшіліктің ішінен біреу «жігіттер, жан тербетер жайлы әуез деп нені айтуға болады?» деп ортаға сұрақ тастапты. Отырғандардың бірі «алтынның сыңғыры болар», екіншісі «ат тұяғының дүбірі болар», келесісі «баланың күлкісі шығар» деп өз ойларын айтыпты. Арасында «ананың бесік жыры», «бұлақтың сылдыры», «сүйген қызыңның сыбыры», «жаңбырдың тырсылы», «бұлбұлдың тамылжыта сайрағаны» дегендері де болыпты.
– Білмедіңдер. Ендеше, мына күйді тыңдап көріңдерші, – депті де, сұрақ беруші жігіт қоңыр домбыраны қолына алып шерте бастапты. Домбыра шанағынан төгілген әуен толқындай тулап, буырқана бусанып, алып күш қара тасты қақ жарғандай, көбігін көкке атып дөңбекшіген теңізді жуасытып, қарақшыны қара ниетінен қайырып, ғашықтарды ынтықтыра түсердей толқытсын-ай келіп, тебірентсін-ай келіп! Бейне бір қос ішекті домбыра емес, қазақтың өзі сөйлеп тұрған секілді. Айнала жым-жырт, уақыт бір сәтке тоқтап, күй әсерінен мүлгіп, маужырап қалғандай.
Дүниенің бар-жоғын ұмыттырған күй аяқталысымен күйші:
– Міне, жігіттер, домбыраның жан тебірентер күмбірінен асқан ғажап әуез жоқ. Өйткені, қоңыр домбыраның қоңыр үнінде жаңағы сендер айтқан дыбыстардың барлығы бар, – деген екен тебіреніп.
Бала күнімде әжем қолыма домбыраны ұстатып тұрып:
– Балам, дүниеде домбыраның үніне жететін әуен жоқ. Күйді жан дүниеңмен ұғынып, тыңдап үйрен. Ол көпті көрген көсем, көп білетін шешен ғой, – дейтін жарықтық.
Сол тұста әжемнің сөзінің парқын түсінген жоқпын. Ер жете келе әліпті таяқ деп білмейтін үлкен кісінің айтқан пәлсапасында қалтқысыз шындық барына көзім жетті. Шынында да домбыра шанағынан ақтарылған үнде күннің күркірі, тұлпар тұяғының дүбірі, асау теңіз гүрілі, ботасын іздеген бозінгеннің азалы үні, ұлынан айрылған кейуананың зары, ғашықтардың сыбыры, бәрі-бәрі бар екен.
Шетелдік қонақ домбыраны қолына ұстап көріп:
– Домбыра неге екі-ақ ішекті? – депті менсінбеген түр танытып. Сонда қазақ:
– Тіршілікте ізгілік пен зұлымдық, қуаныш пен қайғы, адалдық пен арамдық, шындық пен өтірік, мейірім мен қатыгездік, ақыл мен жетесіздік қатар өріледі емес пе? Осы бір қарама-қарсылықтың ешқашан да ымыраға келмейтін мәңгілік күресін сипаттау үшін ата-бабамыз домбыраны әдейі қос ішекті еткен, – депті.
– О-о, түсінікті… – депті әлгі менменсіген шетелдік бірден ойлы кейіпке түсіп.
Міне, домбыраның қоңыр үні!

Бегман ЫСҚАҚ, халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің профессоры.