Медициналық көмекке жүгінетіндер саны артты

Жаз айының аптап ыстығының салдарынан Таразда жедел жәрдем қызметін шақыру жағдайлары жиілеп кетті. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының ақпараты бойынша, 1-19 маусым аралығында күннің күрт ысуына байланысты 7 қоңырау түскен. Жылу соққысын алған бір науқас ауруханаға жатқызылды. Ал, балалар арасында 2 мәрте шақыру тіркелген.

Дәрігерлер ыстық ауа райында сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін тікелей күн сәулесінің астында болмауға кеңес береді. Ашық түсті табиғи матадан жеңіл киіммен бірге бас киім киюді ұмытпауды, сондай- ақ, сусыздандыруға тез әкелетін қантты газдалған сусындардан, алкогольден және кофеиннен аулақ болу үшін көбірек су ішу керектігін ескертеді. Созылмалы аурулары бар адамдар, балалар, жүкті және қарт адамдар өздерін басқаларға қарағанда көбірек қорғауы керек.

Егер күн соққысының белгілері болса, мәселен, дене температурасы мен қан қысымы жоғарыласа, басы ауырып, әлсіздік және жүрек айну белгілері білінсе, науқасты дереу салқын бөлмеге апару керек. Мойын, қолтық, алақан және шап аймағында температураны төмендету үшін дымқыл, салқын майлықтарды қолдану шарт. Сондай-ақ, науқасқа су балансын қалпына келтіру үшін әр 2-3 сағат сайын салқын су беріп, есін жоғалту және бас айналу жағдайында жедел жәрдем шақыру қажет.

Облыстық денсаулық сақтау

басқармасының баспасөз қызметі.