ЛУГОВОЙДАН БАСТАУ АЛҒАН ТЕМІРЖОЛ…
Қазақ даласына алғаш теміржол салу ісі осыдан 96 жыл бұрын оңтүстікте Луговой стансасынан басталған. «Түркістан-Сібір» теміржолының құрылысы бастау алған сол стансаның атауы бүгінде «Түрксіб» деп аталады. Қазір мұндағы жұрттың дені теміржол саласында еңбек етеді. Сондықтан да болар, Луговой «Теміржолшылар ауылы» атанып кеткен.
Тамыз айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Теміржолшылар күнінде бұл ауылда ерекше мереке ұйымдастырылмақ. Еңбегі еленген болат жолдың бапкерлері марапатталып, құрметке бөленеді.
– Жылдағы дәстүрмен биыл да ауылда теміржолшылардың кәсіби мерекесін атап өткелі отырмыз. Луговой – ауданның өндірісті әрі өзіндік ерекшелігі бар ауылдарының бірі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекендегі Түрксіб стансасы арқылы Астана, Алматы, Тараз, Бішкек бағыттарымен үздіксіз пойыздар өтіп, жан-жақпен байланысты нығайтып отыр. Экономиканың күретамыры болған теміржолдың тарихынан хабар беретін «Бұл жерде 1927-1930 жылдар аралығында Түркістан-Сібір темір жолы басталған» деген ескерткіш тақта жолаушылардың назарына бірден түседі. Болат жолдың тарихының бастауы болған ауылымызда 12 теміржол мекемесі жұмыс істейді. Мұндағы №2 ірі рельс дәнекерлеу кәсіпорны ел экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Ол 1986 жылы екі кішігірім Матай мен Жусалы рельс дәнекерлеу мекемелерін біріктіру негізінде құрылған. Негізінен республика көлемінде теміржол кәсіпорындарына рельс дәнекерлеу, крестовиналарды балқыту, рельсті жону және тағы басқа қызметтерді атқарады. Кәсіпорында 289 адам еңбек етеді. Теміржолшылар ауылында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да аз емес. Елді мекен абаттандырылып, 4 мың метр жаяу жүргіншілер жолы салынып, орталық көшелерде арықтар қазылып, көпір салынды. Мәдениет үйі жанындағы орталық саябаққа балалар алаңқайы, жаттығу орны тұрғызылып, жазғы футбол алаңы орнатылған. Жазғы күндері кішкентай балаларға әртүрлі атракциондар қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, 23 көше жарықтандырылып, М.Горький атындағы орта мектептің жанында «Жастар аллеясы» бой көтерді. 35 көше жөндеуден өтіп, асфальт төселіп, таза ауыз су жүйесі жүргізілді. Ауылдағы 2 мектеп, 2 балабақшаға газ кіргізілген. Бүгінде мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Балаларды мектептен тыс уақытта түрлі үйірмелерге баулу мақсатында ауылда «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» және 160 орындық «Балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубы» жұмыс істейді, – деген ауыл әкімі Мұратбек Сыбанов өз атасының да теміржолшы болғанын айтып қалды.
– Бұл ауылға әкім болып, еліміздің оңтүстік аймағына алғашқы рельс төселген ауылдың игілігіне қызмет етуге мүмкіндік берілгеніне қуанамын. Мені қарт теміржолшы тәрбиелеп өсірген. Ол – атам Таңсық, осында алғаш теміржол салынған 1927 жылы жұмысқа келіп, табаны күректей 40 жыл еңбек етіп, зейнетке осы жерден шыққан. Марапаттары да жетерлік. Бүгінде ауылда теміржолшылар династиясы да бар. Теміржол саласына еңбегі сіңген Жүнісалы Тоқтыбаев, Алик Тоқтанаев, Серікқали Қонысбаев, Гулан Акилова, Александр Тюпин, Арыстан Сатыбалдиев сынды ардагер теміржолшылар қазір жастардың ақылшысы, – дейді Мұратбек Айтымбетұлы.
Осы ауылда туып-өскен, атасы да, әкесі де, анасы да теміржолшы болған, бүгінде өзі рельс дайындау ісімен айналысып жүргендердің бірі – Жанатбек Беспаев.
– Мені тәрбиелеген атам, әкем, анам теміржол саласында ұзақ жыл еңбектенген жандар. Өзім де осы Луговой ауылында туып, рельстің бойында ойнап өстік. Бұл саланың жұмысы маған әбден таныс. Осындағы рельсті дәнекерлеу зауытына қатардағы жұмысшы болып келген едім, қазір осы зауыттың бас инженерімін. Теміржолшыларға жасалып жатқан жағдай, шүкір, жаман емес. Жалақыға қосымша үш ай сайын тоқсандық айлық және жылына төрт рет мерекелік сыйақы беріледі. Одан бөлек, теміржолшылар қыста көмірді нарықтағы бағадан арзан, жеңілдетілген бағамен сатып ала алады. Сондай-ақ, күні бойы рельстің бойында жүріп, келіп-кеткен пойыздардың дөңгелегінің ақауы жоқтығын бақылайтын жұмысшыларға және сол секілді зардабы болуы мүмкін қызметтерді атқаратын теміржолшыларға жалақысына қосымша зияндылығы үшін ақы төленеді. Әрине, еңбек еткен еш қалмайды. Барлық әріптестерімді, шалғай аймақтарды байланыстыратын болат жолдың беріктігі үшін еңбек етіп жүрген теміржолшыларды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Ел игілігі үшін еткен еңбектің жемісін еселеп көре берейік, – дейді Жанатбек Сейсенұлы.
Теміржолшылар ауылындағы тұрғындар енді теміржол бекетінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, алаңы абаттандырылса дейді. «Алда Түркістан-Сібір теміржолының 100 жылдығы келе жатыр. Айтулы мерейтойда Түрксіб стансасы көрікті келбетімен меймандарды қарсы алса», – дейді луговойлықтар.
Қамар ҚАРАСАЕВА.
Т.Рысқұлов ауданы,Ақ жол