Балалардың жарақаттануына ересектер немқұрайлығы себеп
Өкінішке қарай, облыста мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың ауыр жарақат алуы аракідік кездесіп жатады. Әсіресе, үй жағдайында. Елдегі статистика мұндай балалардың тұрмыстық жарақаттануының себебі, ең алдымен ересектердің абайсыздығы мен салғырттығынан орын алатындығын көрсетеді.
Жасырын емес, біздің балалар күннің көп бөлігін ересектердің қарауынсыз жалғыз өткізеді. Олардың дүниетанымы, байқаған нәрсесін біліп көруге деген құмарлығы шексіз. Бұл, әрине, өте жақсы. Бірақ, ересектер тарапынан балаларға қатысты қауіпсіздік ережелерін елемеуі көбінесе қайғылы салдарға әкеліп жататыны өкінішті.
Тұрмыстағы жазатайым оқиғалар, оның ішінде балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезелері мен қылтималарынан құлауы төтенше жағдай өлшемдеріне жатпайтыны белгілі. Биылғы жылдың алғашқы 6 айында облыс аумағында балалардың қатысуымен 12 жазатайым оқиға орын алып, онда 6 бала зардап шексе, 6 бала қайтыс болған. Былтырғы жылмен салыстырғанда балалардың қатысуымен жазатайым оқиғалар 66,6 пайызға немесе 6 жағдайға көбейді. Биыл Жамбыл ауданында екі, Байзақ, Қордай, Меркі және Мойынқұм аудандарында бір баладан қаза тапты. Жарақаттанған бала саны 2022 жылмен салыстырғанда 7 адамға азайған, ал қаза болғандар саны бір деңгейде қалып отыр. Биыл 6 айда балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарынан құлап кетуінің үш жағдайы орын алып, 3 бала зардап шекті.
Облыс аумағында демалу, балық, аң аулау және шаруашылық қызмет үшін пайдаланылатын көптеген су қоймалары бар. Оларда жыл сайын адамдардың өліміне байланысты төтенше жағдайлар орын алып жатады. Биыл жыл басынан суда балалардың қаза болуының 3 оқиғасы тіркелді. Оқиға Байзақ, Жамбыл, Шу аудандарында орын алған.
Балалар өлімінің негізгі себептеріне оларды су қоймаларының жанында қараусыз қалдыру, күштерді асыра бағалау және жүзе алмау сияқты жайларды жатқызуға болады. Сонымен қатар, биыл улы газдан 5 бала зардап шеккенін айта кеткен жөн. Бұл жайлар өмірдегі ең қымбат байлығымыз – балаларға деген ересектердің немқұрайлығын көрсетеді.
Заманауи технологиялар ғасырында біздің балаларымыздың дені сау, бақытты болып өсуі, оқуы, дамуы, сүйікті ісімен айналысуы өте маңызды. Бірақ бұл ретте кез келген жағдайда балалардың жанында оларды жазатайым оқиғалардан құтқара алатын ересектер болуы тиіс. Жоғарыда айтылғандар негізінде жергілікті атқарушы билік өкілдері, аудандық білім бөлімдерінің қызметкерлері аппараттық жиналыстар, тұрғындармен кездесулер, мектеп лагерьлерінде жиналыстар өткізу барысында балаларға қатысты сақтық шараларын күшейту жолдарын қарастыру қажет. Жазға шомылу маусымы кезінде, өрт қауіпті кезеңде, балалардың қатысуымен орын алған тұрмыстағы терезеден, балконнан, биіктен (шатырдан) құлап кету, балалардың отпен ойнауы, септикке құлау, электрлі тасығыштың және вагондардың төбесінде ойнау кезіндегі электр тогымен зақымдану сияқты бақытсыз жағдайлардың алдын алу шараларын ұйымдастыруы керек.
Төтенше жағдайлар департаменті ведомстволық бағынысты аумақтарда төтенше жағдай және жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша халықпен сапалы үгіт-профилактикалық жұмысты жандандыруды, жүргізілген талдау негізінде төтенше жағдайлар жөніндегі аумақтық комиссиялардың қарауына азаматтық қорғау саласындағы неғұрлым проблемалық мәселелерді шығаруды, балалардың қатысуымен орын алған төтенше жағдайларды радиода, телеарналарда жариялау, сайттарға және баспасөз беттерінде мақалалар орналастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуді, аталған тақырыпта адамдар көп шоғырланатын орындарда билбордтар орнатуды ұсынады.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП,Ақ жол