Синтетикалық есірткі есеңгіретіп тұр
Қазақстанда соңғы жылдары есірткіні қолдану мен тарату мәселесі өршіп тұр. Әсіресе анашаның синтетикалық түрін пайдаланушы жастар мен таратушылар қатары күн санап тез артып келеді. Ғаламтор, әлеуметтік желілер, пошта қызметтері мен цифрлвқ төлемдер жасау сатып алушылар мен тұтынушылар арасында жасырын түрдегі есірткі бизнесіне өте қолайлы болып отыр.
Статистикалық дерекке сүйенсек, синтетикалық есірткіге тәуелді жастар саны бір жылдың ішінде 30 пайызға артқан. Әсіресе жасөспірімдер арасында қатты ушығып, тіпті синтетикалық есірткі салдарынан өз өзіне қол жұмсау фактлері де тіркелген. Мамырда өткен Үкімет отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов: – Есірткі сайттары мен ұқсас жарнамаларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысты ақша аударымдарына тыйым салу мәселелерін пысықтау шараларын қабылдау қажет. Банктер бұл күдікті транзакцияларды көріп отыр, мұндай аударым арқылы есірткі арнасын анықтауға болады әрі бұл уақыт күттірмейтін шаруа,-деген болатын. Құқық қорғау органдары қызметкерлері күдіктілерді табу, оларға шара қолдану шараларын біршама жетілдіріп те жатыр. 2023-2025 жылдарға арналған Есірткі және есірткі бизнесіне қарсы күрес шаралары да бекітілген.
Жақында Астанада полицейлер интернет дүкен арқылы синтетикалық есірткі сатқан күдіктіні ұстап, УҰИ-ға қамауға алды. 19 жастағы жігіт Қабанбай батыр көшесінде тікелей байланыссыз интернет дүкен арқылы есірткі өткізген. Ол халық көп жиналатын орындарға, орталық саябаққа жасырып қойып кету арқылы есірткіні белгілі бір жерлерге қалдырып отырған. Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жас жігіт қылмыс жасағанын мойындаған және интернет дүкеннің жұмыс жүйесі туралы және ол жерден алатын заңсыз сыйақы туралы айтып берген. Жеке тінту барысында одан ішінде синтетикалық есірткісі бар 40 түйіншек табылған. Жалпы салмағы 40 грамм немесе 150 рет қолданылатын доза мөлшерінде мефедрон синтетикалық есірткі тәркілеген. Қазір күдіктінің сыбайластары іздестіріліп жатыр. Бұл Астанада анықталған бір ғана фактор. Ал жалпы елордада есірткі таратушы қанша ұйымдасқан топ барын анықтау мүмкін емес дейді мамандар. Өйткені ғаламтор арқылы сауда қатты қызып тұрған көрінеді. Тағы бір статистикалық дерекке көз жүгіртер болсақ, соңғы 3 жылда полиция тәркілеген синтетикалық есірткі көлемі 6 келіден 140 келіге дейін өскен. Яғни соңғы 3 жылда полиция 23 есе көп есірткі тәркілеген.
Ең қорқыныштысы бүгінде дәстүрлі есірткі түрлерінен гөрі синтетикалық есірткі тұтынушы 20 мен 34 жастағы жастардың саны күрт өсіп отыр. «Оның басты қаупі – адам бір дәмін татқаннан ақ оған бірден тәуелді болып қалады. Синтетикалық есірткіге тәуелділіктен арылу өте қиын» дейді мамандар. Бұрын есірткі қолданған адамның ғұмырын дәрігерлер 10 жыл деп шамаласа, қазір синтетикалық есірткі қолданған адамның ғұмыры 2 немесе 4 жылдан аспайды дейді. Өйткені синтетикалық есірткінің химиялық құрамы ағзаны улап, сауығу мүмкіндігін жояды.
Ресми ақпаратқа сенсек, астанада 2 мыңға жуық азамат диспансерлік есепте тұр. Бейресми статистика бұдан 5 есе көп деген дерек бар. Жоғарыда айтқанымыздай мемлекеттік деңгейде заңдар қабылданып, күрес шаралары артқанымен нәтиже жоқ. Тіпті азайғанның орнына соңғы үш жылда тәркіленген есірткі көлемі 23 пайызға өсіп отыр. Ал әлі күнге дейін қолға түспей, заманауи түрлі тәсілдерді жетілдіріп, жастарды құрығына түсірушілер санының қанша есе өскенін ешкім дөп басып айта алмайды. Жастарды есірткіден айықтыру емдеу шаралары жүргізілгенімен, бұл мәселенің шешімі емес екені анық.
Үкімет басшысы «Банктер бұл күдікті транзакцияларды көріп отыр, мұндай аударым арқылы есірткі арнасын анықтауға болады» деді. Ендеше неге салдармен емес себеппен күресті күшейтіп, құқық қорғау органдары синтетикалық есірткінің келу жолын анықтап, кедендік бақылауды қатаң тексеруді неге қолға аламайды? Неге синтетикалық есірткі мен психикалық белсенді заттарды қолдануды насихаттаушылар мен есірткі делдалдарына тыйым салмайды? Интернет ресурстар арқылы тез тарап жатқан синтетикалық есірткі жастардың өмірін жалмап жатқаны жасырын емес. Жастар жаппай синтетикалық есірткі құрбанына айналмасын десек, жең ұшынан жалғасқан заңсыз есірткі бизнесінің балта шабумен білек сыбана күресетін нақты кешенді жоспар құрылса… Еліміздің болашағы – өскелең ұрпақты жаман әдеттен жирендіріп, жақсыға баулу ең алдымен – «Балам деген елдің» ең басты мақсаты болу керек деп ойлаймыз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ