«БАЙ» СӨЗІНІҢ ШЫН МАҒЫНАСЫ.
ҚАЗАҚ БАЙЛАРЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?
Кезінде Қазақ даласына келіп, жағдайды көзімен көрген орыс генералы Броневский: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес.
Қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана Қазақ халқы «бай» дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды Қазақ ешқашан бай деп мойындамаған», – деп жазған.
Расында, ұлтымыздың ұғымындағы бай – арнайы статус. Ол – тектіліктің баламасы. Сондықтан да оның қоғамда атқаратын өзіндік функциясы болған. Ол қандай?
Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымының докторы:
– Ру болу үшін Қазақта үш нәрсе болуы керек болған: бірінші – бағатын байы, екінші – жаудан қорғайтын батыры, үшінші – топқа түсетін биі. Осы негізгі үш элементі болғанда ғана «жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық» деп ту бие сойып, жаңа рудың шаңырағын көтерген.
Сондықтан да қазақтың байлары қазіргідей өзіне бәлен үй салып алып, түген мәшине мініп, жеке бас мүддесін күйттеп кеткен емес.
Бүгінгідей зейнетақы қоры, сақтандыру секілді дүниелер жоқ жалпақ жұртты әр рудың сол байлары асыраған: рудың соғымға соятын малы болмаса, жарлының баласы отау құра алмай жүрсе, тағы сол сияқты материалдық қажеттіліктің бәрін бай өз мойнына алып отырған. «Бай батша» деп соны айтқан. Яғни, мəрт, жомарт деген сөз!
Қазақ қоғамының ең басты ерекшелігі де сонда, яғни орыс не Еуропа қоғамындағыдай бай мен кедейдің арасында өшпенділік болған емес. Бұл – біздің құр кеуде соғу, мақтануымыз емес, барлығы да белгілі орыс, түркі ғалымдарының кезінде жазып кеткен ғылыми деректеріне сүйеніп айтылған дерек.……………
Бейсенғали Көкей