Қыз тәрбиесі – аманат

Қай кезде де өзектілігін жоймайтын тақырыптың бірі тәрбие екені сөзсіз. Бұл тұрғыда баланың алғашқы тәлім алатын ұстаздары өз – ата-анасы. «Баланың жақсысы қызық, жаманы күйік» деп әлемдік ойдың алыбы Абай атамыз айтпақшы, қазақ халқы үшін бала тәрбиесінде әсіресе қыз балаға ерекше көңіл бөлінеді.

Себебі ұлға қарағанда қыздың өзіне тән табиғи ерекшеліктері жоқ емес. Халқымыз «Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі» деп қызды нәзіктігі, әдемілігі мен сұлулығы үшін гүлге теңеген. Қыз баласын жастайынан ерекше мәпелеп, алақанда ұстап «Қыз қылығымен сүйкімді» деп оны әдепті, мінезді, өнегелі, көргенді етіп тәрбиелеуге күш салған. «Қыз – қонақ» деген терең пәлсапамен өз үйінде қыз балаға төрден орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балаған.

«Қызы бардың ізі бар»

Дана халқымыз «Адам перзентімен мың жасайды» дей отырып, ұл болсын, қыз болсын, Алланың бергеніне шүкіршілік танытып, ұрпағының жалғасқанын көңілге қуаныш еткен. «Қызы бардың ізі бар, ұлы бардың өзі бар» деген мақал соған қатысты айтылса керек.

Қасиетті Құран Кәрімде «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз Ол, толық білуші, аса күшті» (Шура сүресі 49- 50) делінген. Яғни ұл не қыз перзентті болу Жаратушының нәсіп еткен сыйы екенін аңғарамыз.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз да (с.а.у.) төрт қыз перзентті болып, оларды қатты жақсы көріп, мейіріммен қараған. Хадистерінде қызды болу, қыз тәрбиелеудің артықшылықтарын сөз етіп, мүмін ата-аналардың жүрегін қуантқан: мысалы, «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» (Әбу Дәуіт, Әдеп).

Тағы бір хадисте «Дүниеге қыз келген уақытта, Алла Тағала ол жерге періштелерді жіберіп, сәлемін айтып: «Мына үйдің тұрғындары, сендерге сәлем болсын», – дейді. Періштелер қанаттарымен жаңа туылған қызды қорғаштап былай дейді: «Қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты. Егер әкесі оны тәрбиелеп өсірсе, қияметке дейін оған Алланың жәрдемі болады» (Набит бин Шурайттан Табарани риуаят еткен).

Қыз баланың білім алуы

Ислам діні білім алуды ер кісіге де, әйел адамға да бірдей парыз еткен. Сол себепті қыз баланың сауат ашуы, оқып білім алуы міндетті. Әр ата-ана бұл мәселеде мемлекеттің білім алуға жасап отырған мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білгені жөн. Кейбір ата-аналардың діни көзқарастарын алға тартып, қыздарын белгілі бір сабақтарға не орта білім беру орнына жібермей қоюларын құптамаймыз.

Қазіргі заман – бәсекеге қабілетті болуды талап етеді. Ал мектепке барып білім алмаған қыздар ертең қандай іске жарайды? Қандай мамандықты игереді? Өмірге қажетті кірпіш болып тиісті орнын тауып қалана ала ма? Осы жағы алаңдатады. Қазіргі уақытта өркениетті көп елдерде қыз балаларды ұл балалардан бөлек оқыту тәжірибесі де кең қолданылып келеді. Мамандар ер балалармен бірге оқыған кезде қыздардың пәнді нашар игеруден, сабақты білмей қалудан қысылып, білмегенін басқалардан сұрауға ұялатынын алға тартады.

Бөлек білім алған жерде қыздар бұл жағынан еркін, тату, бір-біріне көмектесіп, қолдап отырады екен. Екіншіден, жасөспірім шақта ұлдар мен қыздар бір-біріне ұнауға тырысады, соған көңілі бөлініп, сабағын ақсатып алуы мүмкін. Балаларды бөлек оқытқанда бар ынтасы тек оқуға ауатындықтан, білім деңгейлерін көтеруге де септігін тигізетіні білінген. Атырау қаласында да қыздарды ұлдардан бөлек оқытатын арнайы мектеп салынуда. Кәсіпкерлердің демеуімен салынған мектепке Атырау қаласының әкімі де қолдау білдіргені өз алдына атап өтуге тұрарлық.

Қыз баланың киімі

Қазақ мәдениетінде қыз балаға тән небір киім үлгілері жасалған. Соның барлығында дерлік киімдер қыздың жас мөлшеріне, әлеуметтік деңгейіне қарай ыңғайланып, өсіп келе жатқан бойжеткеннің сымбаты мен ажарын ашатындай ою-өрнек, нақыштармен жарасым тапқан. Әйел заты көркем заттарды, киімдерді ұнатып киетіндіктен киімдер негізінен қызыл, сары, жасыл, ақ сияқты ашық түсті болған. Ер адамдардың киімдерімен салыстырғанда қымбат матадан тігіліп, асыл тастармен әрлендірілген. Негізінде қазақ қыздарының ұлттық киімдері мұсылмандық талаптарға жақын деуге болады. Ислам дінін ашық-шашық жүруді қолдамайды. Дегенмен бірыңғай қара түсте киінуді не паранжа, ниқабпен бетті толық тұмшалауды да міндеттемейді. Осы себепті «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген ұлттық тәлім қыз баланың киімі салт-дәстүріміз бен мұсылмандық тәрбие шеңберінде болуы керектігін ұқтыратындай.

Қыз баланың тәрбиесі

Жасыратыны жоқ, интернет дамыған қазіргі заманда бір жасөспірім қыздың әдепсіз қылығы әлеуметтік желілер арқылы дүйім жұртқа тез тарауда. Жасөспірім қыздар темекі шегіп, ішімдік ішіп, былапыт сөйлеп, тіпті бір-бірін бопсалап, тепкілеп-ұруды кімнен үйреніп жүр? Ата-анасының бетінен алған қыздан не үміт, не қайыр?!

«Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, түздегі кейбір қыз балалардың осындай керікеткен қылықтарына қарап, ата-ана, мектеп, ұстаздар үштігінің бірігіп жұмыс істеуі қажеттігін тағы сезіне түсеміз. Қазақ «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді есіктегі күңнен тыйым» деп, қыз баланың еркін өскенін қалағанмен, бірақ тым шолжаңдатып, еркінсітіп те жібермеген. Керек кезінде ел болып, жұрт болып оның арын күзетіп, әдебі мен тәрбиесін көп болып қадағалаған. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейміз, ол рас, дегенмен «Әйел бұзылса, әлем бұзылатыны да» қоспасыз шындық. Өсіп келе жатқан жас қыз ол болашақ жар, келін, бір шаңырақтың ұйытқысы, ұрпақ тәрбиелейтін ана, бір әулеттің абыройы. Сол жас қыздарға тәрбие бере алмасақ, үлгі көрсетпесек, олар болашақта өз ұрпағына не үйретеді?

Абайдай дананы көргенді, текті кешегі Ұлжан, Зере апалар тәрбиелеп өсірмеді ме?! Қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан сынды басқа да дана аналарымыздың қалдырған үлгілері қандай керемет! Ислам тарихына қарасақ, Хадиша анамыз саудагер, Айша анамыз білімпаз, ал Зейнеп анамыз қолы шебер жан болғанын көреміз. Бұл бізге қыздарымызды қабілет-бейіміне қарай жан-жақты етіп өсіруді, қоғамға пайдалы етіп тәрбиелеу керектігін ұқтырады. Сондықтан жас шыбықтай жас өскін қыз балалардың бойына мұсылман әдептерін, ислам қағидаларын сіңіруде кеш қалмауға тырысуымыз қажет. Бұған қоса, жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу кезек күттірмейтін мәселе болып тұрғаны анық. Иә, қорыта айтқанда, қыз тәрбиесі – қоғамдағы үлкен аманаттардың бірі.

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысы Бас имамы