Жамбыл облысында түркиялық компания тыңайтқыш зауытын салуға ниетті

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов түркиялық «ALARKO HOLDING» компаниясының басшылық өкілдерін қабылдады.

Компанияның вице-президенті Шахин Аббас 1954 жылы негізі қаланған Alarko Holding – Түркияда орналасқан, әртараптандырылған іскерлік мүдделері бар танымал, жетекші өнеркәсіптік және инвестициялық конгломерат екендігін атап өтті.

Компания құрылыс, энергетика, жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым және өндіріс сияқты бірнеше салаларда жұмыс істеп келеді.

Кездесу барысында тараптар суды тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу және ауылшаруашылығы салаларындағы жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру барысын талқылады.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы сары фосфорға бай екендігін ескерген инвесторлар облыс аумағынан тыңайтқыш зауытын салуға мүдделі. Бұл жоба екі тарапқа да тиімді болмақ. Бұдан бөлек Түрік компаниясы ашық жердегі жылыжай кешендеріне, органикалық-минералды тыңайтқыштар өндіру және тұқым шаруашылығы кәсіпорындарына шамамен 650 миллион доллар инвестиция тартуға ниетті.

Облыс әкімі қазіргі таңда агроөнеркәсіп саласына мемлекеттік қолдау шаралары мол екендігін, жергілікті билік те өз тарапынан барлық қажетті жағдайларды ұсынуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін баса айтты.

Аймақ басшысы жауаптыларға ұсынылған жобалардың мүмкіншілігі мен тиімділігін жан-жақты талдауға және компания басшыларымен бірге пысықтауды тапсырды.

Жамбыл облысы әкімдігі