Жамбыл облысында 516 әлеуметтік нысан мүгедектігі бар адамдарға толығымен бейімделді

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысында 577 әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бейімделді, оның ішінде 516-сы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толықтай сәйкестендірілді, — деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/600164?lang=kk

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 нысан сай келуі қажет. Ал биылғы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 277 нысан бейімделді.

Жамбыл облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1295 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 нысанның 577-сінде жергілікті атқарушы органдар бейімдеу шараларын жүргізді.

Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталға 577 нысанның 516-сының толық бейімделгені расталды.

Мәселен, өңірде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына қол жетімді:

— мемлекеттік мекемелер – 167 (113 әкімдік, 50 мемлекеттік мекемелер, 4 сот);

— денсаулық сақтау нысандары – 78 (16 емхана, 23 аурухана, 4 медициналық орталық, 21 дәрігерлік амбулатория, 3 клиника, 1 түзету кабинеті, 2 медициналық пункт, 1 стоматология, 2 фельшерлік-акушерлік пункт, 5 дәріхана);

— білім беру нысандары – 164 (138 мектеп, 2 университет, 12 колледж, 6 гимназия, 1 институт, 5 оқу орталығы);

— әлеуметтік инфрақұрылымның өзге де нысандары – 107 (10 банк филиалы, 2 пошта бөлімшесі, 35 мәдениет үйі, 5 әлеуметтік оңалту орталығы, 6 әкімшілік, 2 сауда үйі, 1 қонақ үй, 1 автовокзал, 16 стадион, спорт кешені және т. б.);

61 нысан ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша 346 бұзушылық анықталды: есту қабілеті бұзылған адамдар үшін – 4; көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 132; тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін – 107, кресло-арбамен қозғалатын адамдар үшін – 103.

Аталған бұзушылықтар осы жылдың соңына дейін толығымен жойылады, объектілердің меншік иелерімен бейімделу жөніндегі іс-шараларды аяқтау үшін түсіндіру және консультациялық жұмыстар жүргізіледі.

Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін тағы 199 нысанды бейімдеу жоспарлануда.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 30 тексеру жүргізілді, оның ішінде: 5 – нұсқаманың орындалуын бақылау бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексеру және профилактикалық бақылау шеңберінде 25 тексеру.

Тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 21 ұйғарым беріліп, 966 мың теңгеге 4 әкімшілік айыппұл салынды.

Жамбыл облысы әкімдігі