ОН СЕГІЗ МЫҢ АБАЙ
Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!
(Мұқағали)
Елімізде он сегіз мың екі жүз жетпіс үш Абай бар екен. Ал ұлы ақынның шын есімі – Ибраһим ныспысын иеленгендер жиырма жеті мың үш жүз отыз жеті көрінеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенген Ulysmedia.kz. сайты отыз сегіз елді мекен ақын есіммен аталғанын, оның үшеуі аудан, біреуі қала, оны ауылдық округ, жиырма төрті ауыл екенін атап көрсетті.
«Қазақпарат» агенттігінің сәл ілгеріректегі зерттеулерінде соңғы оншақты жылда екі жарым мыңдай Абай өмірге келгені, сол Абайдың көбі Түркістан төңірегін мекендейтіні, ұлы ақынның туып-өскен өлкесінде төрт жүзге жуық Абай бар екені айтылған еді. Ал еліміздегі көзі тірі ең үлкен Абайдың жасы тоқсаннан асып кетіпті.
Статистика мекемесі ұсынған мәліметке жүгінсек, Абай Құнанбаев және Абай Құнанбайұлы деген есімді толық иеленген азаматтардың өзі алпысқа жуық. Оның көбісі Түркістан облысында тұрады.
Мұхтар Шаханов ағамыз баяғыда жар іздеген жастар туралы толғауында: «Егер бүгін қайта туса, ұлы Абай, Ол да саған қалар еді ұнамай…» деп жазып еді. Сол Мұхаң айтқандай, он сегіз мың ғаламның бір мүйісінде он сегіз мың Абай жүр. Түрлі-түрлі Абай. Сабырлы Абай, сырбаз Абай, сөзшең Абай… Өр Абай, өктем Абай, өнегелі Абай… Мінезді Абай, маңғаз Абай, момын Абай… Қайратты Абай, қайсар Абай, қыңыр Абай… Біреуі – елеулі, біреулі – елеусіз. Біреуі – қалаулы, біреуі – жалаулы. Біреуі – ақын, біреуі – соған жақын… Бірақ бәрінің де ортақ міндеті бар. Баяғыда ата-анасы азан шақырып қойған Абай деген ардақты атқа ешқайсысы да кір келтірмеуі керек. Солай деп сенейік.
Абай күні мәртебелі бола берсін!
Бауыржан Омарұлының фб парақшасынан