Жастар еліміздің болашағы
Жамбыл ауданында ерекше леппен атап өтілетін «Жастар күні» мерекесінің биыл да үрдісі үзілмеді.
Жылдан-жылға жаңа, әрі тың идеямен тойланатын күнді аудан жастары асыға күтетіні рас. Биылғы жылы 12 тамыз – Халықаралық Жастар күніне арналған «Жастар еліміздің болашағы» атты салтанатты шара аудандық жастар ресурстық орталығында кең көлемде тойланды.
Мерекелік кештің ашылуында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының құттықтауын аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жандар Тоқсаба жеткізіп, аудан жастарына алғыс білдірді.
Біздің елімізде өскелең ұрпаққа әрдайым көңіл бөлініп, істеріне қолдау жасалады. Осы қолдауды сезінген жас буын қоғамдық жұмыстарға үнемі белсене атсалысып, өздерінің алған білімі мен тәжірибелерін іс жүзінде көрсетуде.
Бұл орайда Жамбыл ауданы жастарының күнін атап өту арқылы қоғамның қозғаушы күшіне айналған жастардың осы бір белсенділігін арттыру көзделген.
Мерекелік шара барысында орталық директоры Жандар Тоқсаба ауданның жастар саясаты саласына үлес қосып жүрген бірнеше жастарды марапаттады. Одан бөлек, аудан әкімінің кубогы үшін өткен жайдарман ойынында өнер көрсеткен үздік үштік пен қыздар арасында кіші футболдан өткен аудандық турнирдің жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Жандар Жамбылұлы өз сөзінде: «Жастар біздің қозғаушы күшіміз. Қашанда игі істердің қатарында жүретін жандар. Біздің ауданның жастары да қай салада болмасын өздерін жақсы қырынан танытып, жастар саясатына белсенді үлес қосып келеді. Жастар, мереке құтты болсын!»,- деп атап өтті.
Мерекелік шарадан керемет әсер алған жастар кеш соңын мерекелік би кешімен жалғастырып, отшашуды тамашалады.
Жамбыл ауданы әкімдігі