НАПОЛЕОНДЫ Ресейден қуып шыққан ҚАЗАҚТАР екені рас па? – Тарихшы Бүркітбай АЯҒАННЫҢ пікірі

Интернет кеңістігінде «Қазақтар Ресей жерін Наполеоннан қорғап қалған…» деген пікірдің тарағанына біраз болды. Тіпті, «Қазақтардың 100 мың қол әскері башқұрттармен бірігіп Ресейді қорғап, жерін сақтап қалған» деп шығарды. Бірақ бұл дерек қайдан шықты? Қандай негізге сүйеніп айтылды? Франция мұрағаттарындағы деректе бұл туралы жазылған ба?

Алайда, бұл тұрғыда пікір білдірген тарихшы Болат САЙЛАН «Ресей империясы әскерінің құрамында қазақтардың қатысқанын ешкім жоққа шығара алмайды» дей келе, қазақтар өздерінің атынан емес, Орынбор, Башқұрт, Тептяр полктері атынан қатысқанын айтқан.

Б.Сайлан.

«Әсіресе, Орынбор өлкесінен жасақталған полктер құрамында қазақтардың басым болғаны рас. Тарихшы ретінде бұл соғыста 100 мыңнан аса қазақ қатысқан деп айта алмаймын. Мұны зерттеу керек. Дегенмен, Орынбор өлкесінде 5 полк, Жайық казактары, Башқұрт полктерінде жасақталған, Тептярлардың құрамында қазақтардың болғанын растай аламыз», – деген.

Шын мәнінде, тарихшылар мұндай алып-қашпа әңгімелердің жалған екенін айтып келеді. Бірақ неге екені белгісіз, тарихшылардың өзі осылай тұжырым жасап, көптің талқысына салып қоятын, яғни жұртты жаңылыстыруды көздейтін белгісіз бір топ бар екенін жасырмайды. 

NEGE тілшісіне пікір айтқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай АЯҒАН «қазақтардың саны көп болып, француздар армиясын Ресейден қуып шықты деген бос әңгіме» дейді.

Б.Аяған.

«Әлеуметтік желіде әртүрлі әңгіме айтыла береді. Оның кейбірі дұрыс, енді бірі бұрыс дегендей. Соның ішінде «Қазақтар Ресейді Наполеоннан қорғап қалған» деген пікір жиі талқыға салынады.

Жалпы, қазақтар қатысқаны туралы деректің бары рас. Орынбордың кіші жүз қазақтары, башқұрт, татар да қатысты. Бірақ «қазақтардың саны көп болып, француздар армиясын Ресейден қуып шықты» деген бос әңгіме. Ол кезде түбі түркі, Денис Давыдов бастаған орыс казактары полкы болған. Алайда, орыс казагы мен қазақты шатастырмау керек.

1812 жылы Наполеон орыстарды басып алу мақсатымен емес, адам қыламын деп келген екен. Мәскеуді өртеген Наполеон емес, орыстың өзі сияқты. Керісінше, Наполеон өзінің кодексі бойынша, «жаңаша өмір сүріп, демократиялық жағдайға көшіңдер» деген оймен келгені айтылады. Бірақ мұны Ресей түсінбеді. Кейін Наполеон әскерін қайта жинап, Еуропамен егесті. Содан қасиетті Елена аралына келіп, ауырып қайтыс болады».

Фото: ғаламтордан.

Оның айтуынша, біріншіден, Наполеонды құбыжық көрсетіп, француздарды агрессор етіп көрсетудің қажеті жоқ.

Екіншіден, соғысқа қатысқан қазақтар көп емес. 1812-1815 жылдардағы соғысқа қатысқан аздаған қазақтар туралы 8-сыныпқа арналған мектеп оқулығында  жазылған. Есімдері де бар.

Ел ішінде анық-қанығы нақтыланбаған ақпаратты желдей ескізіп жүрген кімдер? Мұндай жалған дерек қазақстандық тарих ғылымының абыройын түсірмей ме?