Тарихты таңбалаған «Тұлпарсаз» (Видео)
Еліміз егемендігін алып, еңсесін тіктеген 25 жылда бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері аз емес. Тәуелсіз мемлекетімізді төрткүл әлем танып, саяси аренада өз орнын айшықтады. Осы орайда, ел егемендігінің ширек ғасырлық тойына облыс көлемінде толайым тартулар әзірленді. Міне, соның бірі – Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы тарихи «Тұлпарсаз».
Жамбыл облысының картасында жалпағынан жатқан Мойынқұм ауданы Тәуелсіздік күні «Тұлпарсаз» кіші сәулет кешенінің лентасын қиды. Жобалық құны 8 млн. 700 мың теңгені құраған кешен құрылысын «Мойынқұм сәулет» ЖШС жыл басында бастаған болатын. Міне, енді құрылысты аяқтап, 16 желтоқсан күні ел игілігіне берді. Аудан әкімі Бақытжан Нүркеновтың айтуынша, тарихи кешеннің Мойынқұмда ашылуы тектен-тек емес екен.
– Бұл идеяның тууына Қазақ хандығының алғаш ту тіккен жері Мойынқұм ауданы болуы сеп болды. Осыған орай, «Тұлпарсаз» кіші сәулет кешенінің құрылысын қолға алып, қазір Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштерін орнаттық. Сондай-ақ, алдағы уақытта кешеннің ішіне Мойынқұм ауданының картасы мен өзге де көрнекті дүниелерді қою жоспарда бар. Яғни, кешеннің абаттандыру жұмыстары келесі жылы да жүргізілетін болады. Әзірге нысанды салтанатты түрде ашып, тұрғындарға тарихтан сыр шертетін рухани орынға айналдырудамыз, – дейді аудан әкімі.
Иә, бұл тарихқа тағзым, бабалар рухына құрмет екені анық.
Саятхан Сатылғанов