ТҮРКІСТАН: ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР — СУ ТАПШЫЛЫҒЫН ТОЛЫҚТАЙ ШЕШІП БЕРЕ АЛАДЫ
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «International Center of Climate Change Technologies» орталығының басшысы Алтай Айнабек мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа технология — атмосфераның төменгі қабатына теріс зарядталған иондар жіберу арқылы антициклонды бұзып, циклондық процестерге әсер етеді. Салдарынан қажетті аймақта атмосферадағы жоғары қысым төмендеп, ылғал тартыла бастайды. Нәтижесінде жауын жауады.
– Қазіргі таңда құрғақшылық, су тамшылығы бүкіл әлемде басты мәселе болып тұр. Оны шешудің жолдары жан-жақты іздестірілуде. Біз жаңа технологиялар арқылы құрғақшылықты болдырмау, адамзаттың залалынан тартылып кеткен Арал сияқты теңіздерді қайта қалыпқа келтірудің әдісін қарастырып жатырмыз. БҰҰ-ның мәлімдемесі бойынша, әлемде 2,5 млрд адам су тамшылығы зардабын тартып отыр. Көріп тұрғандарыңыздай, қазір Каспий, Балқаш, сондай-ақ, өзендер мен тоғандардағы сулар тартылып жатыр. Жерасты суларының да деңгейі алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендеген. Біз 31 шілде күні өз қаражатымыздың есебінен Шымкент қаласына «Clear Sky Manager New Generation» технологиясын орналастырдық. Салдарынан, Қазақстанның көптеген аймақтарында және Оңтүстік өңірінде тамыз айында қатты жауын жауды. Бұның барлығы біздің технологиямыздың тағы да тиімді екенін дәлелдеді, — деді Алтай Айнабекұлы.
Сонымен қатар, аталмыш технология 2022 жылы Маңғыстау облысында іс-тәжірибеден өткен. Нәтижесінде, бұл өңірде бұрын соңды болмаған ауқымды жаңбыр жауған. Айта кетейік, «International Center of Climate Change Technologies» орталығы Араб Әмірлігінде тіркеліп, қазіргі таңда Африкадағы Сахель және Пәкістанның аридтық аймақтарында жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, аталған компания Орталық Азияда Халықаралық Арал теңізін құтқару қорының Қазақстан мен Өзбекстандағы дирекцияларымен үшжақты келісім-шартқа отырған.
Брифинг соңында спикер әлемде 80-ге жуық мемлекет климаттық әртүрлі технологияларды пайдаланатынын және бұл технология елімізде алғаш рет қолға алынып келе жатқанын айтты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі